Облыс әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айқындалған басымдықтарды талқылауға арналған актив жиыны өтті.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес, этномәдени бірлестік өкілдері, құқық қорғау органдары, департамент, басқарма басшылары оффлайн, Атырау қаласы мен аудандар әкімдері бейнеселекторлық режимде қатысты. Алдымен Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты арнайы баяндама жасаған аймақ басшысы оның болашаққа бағдарланған өрлеуді, Жаңа Қазақстанды құруды көздейтін бағдарламалық құжат екенін айрықша атап өтті.
– Жолдау бүгінде ел өміріндегі ең маңызды жаңалық болып тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы уақытта 10 бағыт бойынша ауқымды реформалар жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Бүгінгі таңда еліміз дамудың жаңа кезеңіне көшті. Соған орай, мемлекеттік басқару мен басқа салаларға жаңаша көзқарас, қарымды іс-әрекеттер талап етіледі. Президентіміз саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды, - деп оларға қысқаша тоқталып өтті. Қатысушыларды Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауда бірлесе жұмыс жасауға шақырып, жергілікті деңгейде іске асыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиістігін қысқаша атап өтті.
Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов халықты жігерліндіретін Жолдаудың келелі мәселелеріне жеке-жеке тоқталып, қоғамды басқарудың демократиялық жаңашыл үрдісіне батыл қадам басуды жедел жүзеге асырудың маңыздылығына ден қойылғанын жеткізді. Облыстық мәслихат депутаттары Амангелді Аманиязұлы, Қайрат Қонысов, заңгер Төлеген Асылхан Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша баяндама жасап, өз ой-ұсыныстарын айтып, қолдауларын білдірді.
- Жолдаудағы мақсат-мүдде – үлкен бетбұрыс. Жаңа Қазақстан түбегейлі жаңғыруға бет бұрды. Сондықтан еліміздің бірлігі, халықтың қолдауы аса маңызды. Осы тұрғыда, Жолдауда көзделген жаңа өзгерістерді бірлесіп жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз, - деп қорытындылады жиынды өңір басшысы М.Досмұхамбетов.
Айнагүл Шакупова