Дамыған елдердің қатарына қосылу жолында мүмкіндігі шектеулі, мұқтаж жандардың өмір сүру сапасын жақсарта түсу қажет.
Бұл жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан болатын. Осы ретте «Халыққа көмек» жобасының жүйелі түрде жүзеге асуына «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы барынша күш салып келеді. Кембағал кісілердің көкейіндегі сауалдар филиалдың мәжіліс залында өткен аталмыш акция аясында кезекті рет күн тәртібіндегі мәселеге айналды.
Жобаның негізгі мақсаты – халықтың барлық әлеуметтік топтарының мүдделерін білдіретін азаматтардың күнделікті шиеленісті жағдайын шешуге көмектесу. Іс-шара барысында өтінішін білдіріп, талап-тілегін жеткізуге келген адамдардың қарасы көбейді. Өтініштердің басым бөлігі тұрғын уйге, жер теліміне мұқтаждық мәселесі, аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік жәрдемақылар жөнінде болды.
Қоғамдық қабылдау өткізген аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Нұрлан Хұсайнов:
- Көптеген тіркелушісі бар «Telegram» әлеуметтік желісінде аудан халқының барлық салада толғандырған сұрақтары мен ұсыныстары жауапсыз қалған емес. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтар өтініштерінің мерзімінде қаралуы мен оң шешілуіне ықпал ету партияның басты назарында. Атап өту керек, партия мүшелері және бизнес саласындағы демеушілер мұқтаж жандарды азық-түлік, киім-кешекпен де қамтамасыз етіп келеді. Кейбір күрделі мәселелер бойынша арнайы жиналыстар өткізіледі,-деді.
Партиялық бағдарламалар шеңберіндегі ауқымы кең жұмыстар жергілікті жұрттың көкейінде жүрген көптеген түйткілдің түйінін тарқатты. Ел қамы үшін жасалып жатқан игі қам-қарекеттер бұқараның жетекші партияға деген сенімін одан сайын нығайта түсті.
Еркеназ Қалижан
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Құрманғазы ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді.