Аудан базары, шат-шепірі қайыру бермейтін ауданның о шеті мен бұ шетіндегі дүкен-дүңгіршектердегі көкөністерден көз тұнады.
Зияны азы да, ебін тауып зияны бары да тұтынуымызға қайдан ғана келмейді? Тиіп тұрған Астраханьдікі өз алдына, ала тақиялы ағайын да өнімдерін жеткізуге келгенде өндіршегі үзілсе де дегеніне жетпей қоймайды. Қап тауынан қапшық арқалап келгендер табылып қалады.
Ал, нағыз халал өнім деуге келетіні ол – 1995 жылдан бастап диханшылықпен айналысып жүрген «Ұзағалиева К» шаруа қожалығынікі. Олай дейтініміз бұл қожалық ертеректегі аға буын өкілдері сияқты нитрат дегенді білмейді. Шанбайын десең, Құрманғазы өндірістік кооперативінің пермілерінен тасымалдаған мал астынан шығарылған көң-күбір алқап басында тау теке болып әлі үйіліп жатыр. Жазда егін саларда қара топырақпен араластырып қолданыпты. Есесіне қызаңдарының дәмі де тұрқы бөлек. Білектей қиярларында бала күнгі жеген осы өнім түрінің дәмі ауызға келеді. Ал, қарбыздары кейбір жердікіндей губка тәрізде емес, пышақты батырған сәтте қаққа жарылып, қырауытып тұрады. Жемей қара! Міне, нағыз халал өнім! Той - топырға сұраныспен алып жатқан ағайын да қисап жоқ. Зәрезап болған жұртшылық кімдікі таза, кімдікінде қоспа көп, әбден біліп алған. Олардікі де жөн, ұшынып тұрған бағаға алып, қашанғы алдана берсін, жесең дәмі жоқ, әрі саулығыңа зиян. Содан да бүгін Күләнда мен Уазихтың көкөністерінен себеттерін толтыруда.
Өтіріктің құйрығы шынымен де бір ақ тұтам. – Өткенде түс әлетінде базарға барып едім, адам аяғы сиреңкіреді ғой деп. Қарбызың қай жақтікі, өзіңдікі ме дедім сатушы жігітке. Ол болса міз бақпай «Таңдайдікі» деп қарап тұр. Таңдайда қарбыз өсіргендер туыстарымыз еді, олар қазір басқа кәсіп түріне көшкен, ұялтпайын деп үнсіз бұрылып кеттім,-дейді көрші келіншек Сәуле.
«Ұзағалиева К» шаруа қожалығының кәнігі диханы, дұрысы қожалық иесі Күләнданың ері Уазихты сөзге тарттық. –Бұрынғы «Жаңа талап» округіндегі жерімізді 1995 жылдан пайдаланып келеміз, сыр берейін деді, сірә құнары кемігені. Құрманғазы өндірістік кооперативінің төрағасы, айтулы азамат Сабыржан Сұлтановтан уақытша пайдалануға жер сұрадым. Көпті көрген көсем жігіт сөзге келмеді.
Содан не керек, пәленбай жылдан игерілмей жатқан «Қарашау» телімінен 10 гектар жер бөлді. Келісім шартқа отырдық. Атыраудан өз ақшасына сапалы тұқым әкеліп, көң-күбірге кеңшілік жасады. Құрманғазы кооперативі шығарған шығыны 1,5 млн-ға бағаланды, оны жауып, пайдамнан 1 млн. теңге және төлеймін. Көрдіңіз бе, екі жақты тиімді. Оның үстіне Сәкең бір сөзді, жан-жақты ойлайтын жампоз жігіт қой, өніміміз сапалы болған соң қырдағы шопан-малшысына ойдағы пішеншілеріне, былайғы адамдарына таратысып жатыр. Аудан базарына, елді-мекендердегі дүңгіршектерге «Газель» автокөлігімізбен өзіміз жеткіземіз. Жағдай біркелкі жаман емес. Біраз кредит бар еді алған, алдымен соны жабысуға көмегі тиер деген үміттеміз,-дейді Уазих дихан әріден ойлап.
Енді мына мәселеге келейік. 10 гектар алқаптың 3,5 гектары қарбыз егістігі, үш аптаның ішінде 12 тонна өнім алушсын тапқан. 1 гектар қиярдың өзінен күні бүгін өткені - 5 тонна, өнім әлі де туырылып жатыр. Енді 3,5 гектарға салынған қауын тұқымы жиналмақшы. Көгілдір алқаптың мойнына ілінген сары моншақтан көз тұнады. Мына көріністі бұзудың өзі қиянаттай көрінгені рас. Қылқалам шеберінің кең полотнога түсірген жаңа туындысы дерсің. 10 гектардың қалған бөлігінде қызаң, баклажан, тәтті бұрыш, т.б. егіліпті. Олар да сылдырап тиынға айналғалы тұр.
Алқап басында көп кісі де жоқ. Ерлі-жұбайлы Уазих-Күләнда, немере-жиендері жүр қара сирақ болып. Тиіп тұрған «Ғ.Әліпов» ауылынан Нұрлан есімді жас жігіттің келгеніне 2-3 күн өткен. –Осы ауылдағы қарындас балаларымен көмекке келіп тұрады,-дейді Уазих сабырлы қалыпта. Жұмыс ауыр, қарға жау, күндіз ұйықтап, түнде жортатын ауыл тентектері және бар. Арпалысқан бір тірлік. Бірақ, бұл дүниеде оңай не бар? Бүгінгі қиындықтың ертеңгі рахатына кенеліңіздер дейміз де, ебіл-себіл мехнатты тірлік кешкендерге.
Таңатар Дәрелұлы