Қай мемлекеттің де негізгі байлығы – адам.
Демографилық ахуалы жақсы елдің экономикасы, әлеуметтік жағдайы тұрақты, жұмыс күші басым болатыны түсінікті жайт. Саннан сапа шығатынын ескерген көптеген мемлекеттер халық санының артуына барынша жұмыстанады. Өркениетке бет түзеген әр ел белгілі бір уақыттарда халық санағын жүргізіп, оның нақты есебін біліп, алдағы жылдарға жоспар, болжам жасап отырады. Сондай-ақ, жаппай есепке алу елде мекендейтін халықтың нақты санымен қатар, этникалық құрамын дәл білуге, оның тұрмысын зерттеуге, бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта БҰҰ-да әр он жылда халық санағын өткізіп отыруды қолдайды.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңы және Үкіметтің «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы» Қаулысы негізінде әлемдік деректермен салыстырмалылықты қамтамасыз ету мақсатында елімізде халық санағы он жылда бір рет жүргізіледі. Ауқымды шара халықаралық ұсыныстар ескеріліп, санақ жүргізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен бірлесе жасалады. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихында 1999 және 2009 жылдары халық санағын өткізді. Алғашқы санақтың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны 14981281 адам болып нақтыланса, ал 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі 16203274 адамды құрады. Арадаға он жыл халық санының 1 млн. 221 мыңға өскенін көрсетті. Этникалық құрамы да едәуір өзгергені байқалады. Мәселен, қазақтар саны 26%, өзбектер 23%, ұйғырлар 6,8% өссе, ал орыстар 15,3, немістер 49,5, украиндар 39,1, басқа да этностардың саны 4,8 пайызға керісінше азайып кеткен.
2015 жылғы маусымда БҰҰ-ның 2020 жылы халық санағының кезекті раундын жүргізу керектігі туралы ұсынымын назарға алған ТМД мемлекеттерінің басшылары кеңесі 2016 жылғы Бішкекте өткізген отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде кезекті халық санағын барынша оңтайлы мерзімде - 2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қазанды қоса алғанда жүргізу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметінің 2019 жылдың 19 маусымында «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қаулысы қабылданып, санақ 2020 жылдың 1-30 қазан аралығында өтетін болып белгіленді. Қазақстанның барлық азаматтары, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар да, шет елде тұратындар да (шетелде уақытша немесе тұрақты тұратындар), елімізде уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары да санаққа қатысады. «Қазақстанда әркім маңызды!» ұранымен өткізілгелі отырған халық санағы дамыған елдер арасында алғашқылардың бірі болып технологиялық инновациялар қолданылады.
2020 жылдың санақ қағаздарында мекен-жай, баспана жағдайы, этно-мәдени сипат, білім мен сауат, көші-қон, неке, туу, жұмыспен қамтылу, күнкөріс көзіне қатысты қарапайым сауалдар болады. Сонымен қатар, БҰҰ статкомиссиясының, Еуростат, БҰҰ ЕЭК, ТМД статкомитеттері ұсынған санақ жүргізген кездегі респонденттің тұрғылықты жері, тіршілік әрекетіне шектеулер (көру мен есту, жүру, есте сақтау және/немесе зейін қою қиындықтары), ҚР аумағына уақытша тұрушының қай елден келгені, келудегі мақсаты сияқты сұрақтар қосылады. Бір айта кетерлік жайт, халық санағы кезінде алынған бұл деректер аса құпия сақталады. Санақта сандық жүйе қолданылып, бланктерді халық онлайн түрде толтыра алады. Ұлттық санақ екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезең 1-30 маусым аралығында жүріп, тіркеушілер әрбір елді мекен бойынша тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайын, сонымен қатар, онда нақты тұратын адам санын анықтайды. Екінші кезең 1-30 қазан аралығында өтіп, алғашқы 15 күнінде интернет-сауал жүргізіледі. Содан соң сұхбатшылар планшеттік компьютерді қолдана отырып, жаппай сауалнама алынады.
Санақ парақтарында 38 сұрақ бар, респонденттерге қандай сауалдар қойылатыны арнайы қаулымен бекітілген.
«1-ПП "Тұратындар және (немесе) келушілер тізімі" - бұл тізімге елде тұрақты тұратын, үй шаруашылығының құрамына кіретін, уақытша жоқ (12 айдан аз) және уақытша тұратын (12 айдан аз) респонденттер енеді. Сонымен қатар, тұрақты негізде шетелде тұратын, бірақ халықты есепке алу сәтінде уақытша (12 айдан аз) еліміздің аумағында болған Қазақстан Республикасының азаматтары енеді.
2-Ж "Тұрғын үй жағдайлары" - әр үй шаруашылығының тұрғын үй жағдайларын сипаттайды.
3-И "Жеке"- елде тұрақты тұрып, үй шаруашылығының құрамына кіретін, уақытша жоқ және уақытша тұратындарды немесе келгендерді қоса алғанда әрбір респондентке толтырылады.
4-В" Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер" (шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, тұрақты негізде шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары) - тұрақты шетелде тұратын - бірақ уақытша Қазақстан Республикасының аумағында болған әрбір респондентке толтырылады.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Үкіметінің 2019 жылдың тамызындағы отырысында санақ жүргізуге мемлекеттен 8,8 млрд теңге жұмсалатыны айтылып, бюджеттен сұратылды. Оның 3,3 млрд теңгесі санақ жүргізушілердің қызмет ақысына, 1,9 млрд теңгесі қуаттау құрылғыларын, тысқабымен планшеттер сатып алуға бөлінеді. Ал, 1 млрд теңгесі "е-Статистика" біріктірілген ақпараттық жүйесін түзетуге, оның ішінде халықтың ұлттық санағын жүргізу бойынша модулін жасақтауға, 2,6 млрд теңгесі жұмыс бекеттеріне, көп атқарымдық құрылғыларды, жиһаздар, кеңсе тауарларын сатып алуға, іссапар шығындарына, ғимарат және көлік құралдарын жалдау қызметтеріне, санақ бойынша статистикалық деректерді өңдеуге, полиграфия және басқа да қызметтердің ақысына кететін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, санақ жүргізу үшін ақылы қызмет келісім-шартымен 30 мыңға жуық уақытша қызметші нұсқаушы-бақылаушылар, бірінші кезеңге тіркеушілер, екінші кезеңге сұхбатшылар жұмысқа тартылады.
Осы орайда аудандық статистика басқармасының басшысы Жанаргүл Мукушеваны әңгімеге тартқанымызда мынадай мәліметтермен бөлісті. – 2020 жылы Қазақстан Республикасы халықының ұлттық санағын өкізуге жәрдемдесу жөніндегі облыс және аудан бойынша өңірлік комиссиялар құрылып жұмысын бастап кетті. Құрамына округ әкімдері, дербес бөлім басшылары кіретін аудандық комиссияға аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров жетекшілік етеді. 23 қаңтарда облыс әкімінің орынбасары А.Әжіғалиеваның төрағалығымен өткен комиссия отырысында ақпараттық қолдау мақсатында бюджет қаражаттарын қарастырып, үгіт-насихат жұмыстарына қажетті билборд, баннер мен жарнамалық лэд-экрандарды сәуір айынан бастап орналастыру тапсырылды. Ақпан айының аяғына дейін картографиялық материалдарды дайындап, көше атауларын, үй нөмірлерін ретке келтірілуі қажет. Біздің ауданда тек Құрманғазы ауылында ғана бұл жұмыстар толықтай атқарылған, қалған округтерде жасалыну үстінде. Наурыз айында өңірлік комиссия мүшелерінен, жергілікті әкімдіктер мен статистика департаменті өкілдерінен топ құрылып, ішінәра тексеретін болады. Тағы бір айтарым, аудандық басқарма жанынан алдағы 16 сәуірден бастап жеке еңбек шарты негізінде 7,5 ай мерзімге 1, санақ учаскелеріне 4 мамырдан бастап 6,5 ай мерзімге 4 уәкілетті тұлға жұмысқа алынады. Сондай-ақ, 1,5 ай мерзімге өтемелі қызмет көрсету шарты негізінде бірінші кезеңге 3, екінші кезеңге 10 нұсқаушы-бақылаушы, маусым айына 18, қазан айына 69 сұхбатшы тартылады. Бұл жұмыстарды атқаратындарды жергілікті әкімдіктер ұсынып, облыстық статистика департаментінен зерделеуден өтетін болады.
А.НӘЖІМОВ