Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин ауданымызға келіп аудан әкімдігінде кездесу өткізіп, жол құрылысын көріп, Дыңғызыл ауылдық округінде болды.
Жол сапасы жағынан төменгі орындамыз.
Аудан әкімдігінде өткен кездесуді аудан әкімі Қайрат Нұртаев ашты. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев өз сөзінде биылғы жылы болып жатқан өзгерістерге, Парламенттің заң шығарушылық жұмысына, салынып жатқан Атырау-Астрахань тас жолының құрылысына, Азғыр өңірін газбен қамтуға, Қиғаш өзенінің қазылуына тоқталып өтіп: – Жол мәселесіне келсек, Қайрат Талапұлының өзі соның маманы. Соңғы екі жылда маған келіп ақылдастық, тығыз жұмыс жасадық. Қайрат маған хат жібереді, мен Парламентте депутаттық сауал жасаймын. Республикамыз бойынша жолдың қатты жабындысының сапасы орташа алғанда 68 пайыз болып жатса, өкінішке орай Атырау өңірі артынан есептегенде үшінші орында. Ең жаман жол Батыс Қазақстанда - 51%, Ақтөбе - 53%, Атырау – 54% болып отыр. Бізден Ұлттық қорға түскен ақша былтыр 95 млрд. болса, биыл 115 млрд. теңге. Басты донор 4 аймақ, Маңғыстау мен Атырау облыстары және Астана мен Алматы. Қалғандарының бәрі дотациямен күнелтуде. Республикалық бюджет бізден 115 млрд. алса, трансфертпен беріп отырғаны 23 миллиард. Былтыр Маңғыстау облысынан 28 млрд. теңге алса, 42 млрд. қайтарыпты. Салыстырмалы түрде сауал жасағанда осыларды айтып, өңірімізде жол, су, газ мәселелері бойынша жұмыстар жасалып жатқанын, оған қаржы қажеттігін ескеруді сұраймыз. Жақында Қайрат Талапұлы бәріміз бірігіп мына жолдың жобасын тездетіп жасап, Атыраудың өзінің айналмалы жолының ішіне кіргізіп қойдық. Мұны қайта-қайта жасай бермейік, жол дұрыс шықсын деген мақсатпен жасадық. Сауалдарымызға, министрлікке тікелей, аяқтай өзім барып түсіндіргеніме байланысты бекіткен бюджеттің үстіне жол құрылысына облыстан 16 млрд. қосымша ақша бөлінді. Жаңадан сайлаған Президентіміз әлеуметтік салаға көңіл аударып, қаражатын бөлгізіп, кешегі отырыстарымызда қарадық. Осы айтылғандардың бәрі де халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту үшін жасалып жатыр, - деп қатысушылардан заңдардағы қандай кемшіліктерге қатысты ұсыныс-пікірлері болса ортаға салуларын сұрады. Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов жолға қатысты сұрақ берді.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин: – Жалпы үлкен жобалардың жүзеге асуы облыс әкімі, облыстық мәслихат, Парламенттегі біздің өкілдеріміз тарапынан көп жұмысты қажет етеді. Жақында Үкімет басшысы келіп кеткенінен ақпарат көздері арқылы хабардар шығарсыздар. Сонда облыс әкімі көптеген сұрақтарды қойып, қолдау көрсетемін деген уәдесін алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы келгенде де бірнеше мәселелер көтерілді. Президентіміз экологияға, Атырау облысындағы шетел компанияларының жұмысы және сондағы жергілікті жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен еңбекақысы жайлы өзінің тапсырмасын берді. Кешегі үкімет басшысының келуі де негізінен соның жалғасы. Қазір берілген тапсырмалар бойынша нақты жұмыстар басталды. Соған қарағанда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі берген тапсырмалардың орындалуын қатаң қарап жатырған сияқты. Өмірзақ Қажымғалиев пен Қадырбай Жармұхамбетов Президентке қайта барып, жасалып жатқан жұмыстардың мерзімін жақындату жөнінде айтты. Оның ішінде конкурстардың мерзімі де бар. Енді өткенде облыстық мәслихаттың жарты жылдық жұмысын қорытындыладық, кейбір жетістіктерімізден хабардар еттік. Өткен аптада облыс әкімінің алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуымыз жөніндегі есебі болды. Толықтай талдау жасалып, баяндалды. Өңірдің даму көрсеткіштерінде оң динамика барын атап айтқым келеді. Әрине, айналысар жұмыстар әлі де көп. Өмірдің өзі оларды алдымызға қойып отыр, - дей келе осындай кездесулер кезінде айтылған мәселелерді Парламентке жеткізіп және заң шығарушы орган тарапынан қабылданған шешімдердің жергілікті жерде жүзеге асуын бақылуда ұстайтындарын жеткізді.
Одан әрі аудан әкімі Қ.Нұртаевтың бастауымен Парламент Сенатының депутаты Ғ.Дүйсембаев салынып жатырған «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысында болып, жұмыс барысымен танысты. Мердігер «Сина Мидас строй» мекемесі өкілінің айтуынша мұндағы 269 жұмысшының 110-ы жергілікті жерден. Жалақылары 110-300 мың теңге төңірегінде. Сенатор мердігер мекеме өкіліне ауылішілік жолдарды қосқанда мұнда әлі біраз жыл жұмыс жасайтындықтан ауданға әлеуметтік көмек көрсетуден де тартынбауы қажеттігін айтты.
Қ.Ғұмаров