Халық оңды өзгерісті күтеді

(0 Votes)

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесі шыққаны белгілі. Меніңше, бұл — дұрыс бастама.

Өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында да ел Президенті осы мәселеге тоқталып, алда сайлаудың өтетінін хабарлаған еді. Енді, міне, соған қатысты нақты мәлімдемесі де шықты. Онда Конституцияға сәйкес Парламент палаталарының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойғаны айтылды. Соған сәйкес Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 19 наурызда, ал барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мерзімде өтетін болды.

Ең бастысы, енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатын болды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Яғни депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Әсіресе халық арасынан шыққан, өз замандастарына шынымен жаны ашитын, сол жұртшылықтың қолдауына ие болған адамдар енді саясат сахнасына шыға алатынына разымын. Егер бұл сәтімен іске асса, билік басында, басқару жүйесінде үлкен өзгерістер болатынына сенемін.

Сайлау жүйесінің аралас жүйеге ауысуы — демократиялық қоғамның айқын көрінісі. Халық өздері сайлаған депутаттары арқылы билікке талап-тілегін жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Конституциялық реформаның арқасында саяси партияларды құруға қойылатын талаптар да едәуір жеңілдетіліп отыр. Бұрын саяси партия құру үшін оның мүшелерінің саны 50 мың болуы керек деген талап қойылған болатын. 2021 жылы мүшелердің саны 20 мыңға, ал қазір 5 мыңға дейін төмендетілді. Бұл — елімізде жаңа партиялардың құрылуына жағдай жасалып жатыр деген сөз. Президенттің кешегі мәлімдемесі — Әділетті Қазақстанды құрудағы аса маңызды қадам, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуге үлкен септігін тигізген реформаның жемісі.

Қарапайым халық кез келген сайлаудан әлеуметтік жағдайдың жақсаруын, ел тұрмысының оңды өзгеруін күтеді. Сол қатарда мен де бармын. Сондықтан ашық һәм әділ сайлауды, билікке қарапайым еңбек адамдарының келуін құптаймын.

Уазих Дәулетов, шаруагер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521