Халық үніне құлақ асқан елжанды депутат сайлаушыларымен кездесті

(0 Votes)

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов туған топыраққа табан тіреп, сайлаушыларымен кездесті.

Екі мәрте депутаттыққа ұсынылған сенатор қызмет еткен 12 жылдың ішінде елдің жоғын түгендеп, мойнына жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Биыл депутаттық мерзімі аяқталатын халық қалаулысы кездесуде өзіне қолдау білдірген мұнайлы өңірдің жұртшылығына, оның ішінде құрманғазылықтарға риясыз алғысын жеткізіп, заң шығарушы органның қызметінен хабардар етіп, аймақта жүзеге асырылып жатқан іргелі істерді баяндады. –Алтыншы шақырылымдағы Парламенттің бесінші сессиясында Сенатта барлығы 98 заң жобасы қаралып, қабылданды. Соның ішінде, 2 кодекс, 3 конституциялық заңға өзгерістер енгізу, 8 жаңа заң, қолданыстағы 45 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және 40 халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы құжаттар қамтылды.

Сенат қабылдаған заңдар халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуды, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды. Бірінші кезекте, әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінді. Әсіресе, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне баса назар аударылды. Осы мақсатта қабылданып, қолданысқа енгізілген заңнамалар атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге, көпбалалы аналардың бірінші кезекте тұрғын үй алуына, табысы аз азаматтарға салық жүктемесін жеңілдетуге, педагогтардың еңбекақылары мен студенттердің шәкіртақыларын көтеруге мүмкіндік берді. Осы маусым айының аяғында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған заң топтамасы қаралып, қабылданды. Оған Құрманғазы ауданы, Азғыр өңірінде өткен кездесуде ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтарында өзінің сатқан өнімін сақтау үшін салынатын қоймаларға қатысты мәселе ұсыныс ретінде енгізіліп, өзінің шешімін тапты. Бұрынғы заңға сәйкес шағын ғана ғимаратты салу үшін жұмыс жобасын жасату, экологиялық экспертизадан өткізу міндетті болатын. Бұл біршама қаржыны талап етеді. Жаңа заңда олар қолданыстан алынып тасталып, кәсіпкер мен шаруа қожалық иелерінің жұмысы едәуір жеңілдетілді. Үлкен бір заң топтамасы - құқықтық заңнаманы жетілдіруге қатысты жүзеге асты. Соның ішінде қылмыстық кодекстің жасөспірімдерге, есірткіге, мүлікке, табиғат қорғау қызметкерлеріне жасалған қасақана қастандық әрекеттеріне қатысты қылмыстардың жауапкершілігін күшейту бағытында нормалар қабылданды.

img_2954

Мал ұрлығы - еліміздің барлық аймақтары үшін түйткілді мәселе екені баршамызға белгілі. Осыған қатысты Үкіметке депутаттық сұрау жолдап, Бас прокурор, Ішкі істер министрлерімен бірнеше кездесу өткізіп, мал ұрлығын өз алдына қылмыстық бап ретінде шығару, жауапкершілікті күшейту жөнінде жұмыстандық. Өткен жылы бұл ұсынысымыз шешімін тауып, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексіне мал ұрлығына қатысты бап өз алдына бөлек шықты.

Жастар мен әйелдердің елдегі қоғамдық-саяси процестерге қатысуын ынталандыру мақсатында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізілді. Соған байланысты, бұдан былай әрбір саяси партия Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу үшін ұсынған кезде жастар мен әйелдер үшін белгіленген 30 пайыздық квотаны сақтауға міндеттелді.

Заңнамалардың уақыт талабына сай жетілдірілуінің, халықтың саяси деңгейі мен қоғамдағы өзгерістерге жаңаша көзқарасының қалыптасуы мен белсенділік танытуының нәтижесінде елді демократияландыруға бағытталған қадамдар жасалып, бұрын-соңды болмаған "парламенттік көпшілік", "парламенттік оппозиция", "бейбіт шерулер", "бейбіт жиналыстар" сияқты заманауи ұғымдар қолданысқа енді. Менің білетінім, Қырғыз Республикасының Конституциясында осындай нормалар барболатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси-қоғамдық маңызы бар реформаларды жүргізу кезінде елдің даму деңгейін, халықтың ахуалын бағамдай отырып, оны байыппен, байсалды әрі табанды түрде жүргізу қажеттігін айтты. Бұл ұстанымды өз басым қолдаймын. Сайып келгенде, мұның бәрі елімізде саяси тұрақтылықты, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтаудың бірден-бір кепілі.

img_2964

Конституцияға сәйкес, Сенат депутаты өзі сайланған өңірдің өкілі болып есептеледі. Сондықтан, аймақтан шыққан депутат ретінде өңірдің маңызды мәселелерін көтеру, оны шешу үшін заңда белгіленген мүмкіндіктерді пайдалану – міндетім әрі құқығым. Биыл қазан айында өңірден сайланған депутат ретінде менің де өкілеттілігім аяқталады. Маған осы 12 жыл бойы Сенатта отырып, еліміздің дамуына үлес қосуға мүмкіндік берген сайлаушыларыма алғысым шексіз. Бүгінгі дейін қалың бұқарамен бірге болып, алыс аудан-ауылдарды аралап, тұрғындармен 190-нан астам кездесу өткіздім. Оған 18 мыңның үстінде әртүрлі санаттағы адамдар қатысқан екен.

Жиында көтерілген мәселелердің әрқайсысын аяқсыз қалдырмауға тырыстым. Махамбеттіктердің айтқан ұсыныстарымен Қазпоштаның қызметі туралы басқарма төрағасының қатысуымен жиын өткізіп, соның нәтижесінде облыс бойынша жабылғалы тұрған 17 ауылдық пошта бөлімшелерінің өз жұмыстарын жалғастыруына ықпал еттім. Сағыз-Миялы-Қарабау, Индер-Атырау-Ақтөбе, Атырау-Астрахан тас жолдарының жөндеу жұмыстарына, Индер және Махамбет ауданында көпірдің бой көтеруіне қаржы бөлу мәселелеріне өзімнің қолдан келген көмегімді аямадым. Тайсойған, Азғыр секілді полигонды аймақтарда өмір сүріп жатқан тұрғындардың жанайқайын жоғары жаққа жеткізуге, әр сапарым барысында олардың бір мәселесін шешуге тырыстым.

Жылой ауданында болған кездесуде Жол қауіпсіздігі, индерліктердің өтініштері бойынша Лицензиялау туралы Заңдарға өзгерістер енгізілді. Осы мезгіл ішінде Атырауға 5 вице-министр бастаған республикалық комиссияны алып келдім. Балық шаруашылығына қатысты түйткілді мәселелер де өз шешімін тауып келеді. Бүгінде саланы дамытуға байланысты заңдардың топтамасы дайындалып, оның бір бөлігі Мәжілісте қаралуда. Бұл болашақта аталған шаруашылықты өркендетуге үлкен септігін тигізетініне сенімім мол, - деген Сәрсенбай Құрманұлы өзін толғандырып жүрген өңірдің өзекті мәселелерін де тілге тиек етіп, пандемиялық ахуалға байланысты елде қалыптасқан жағдайға сабырлылық танытуға, індетті бірлесе жеңуге шақырды.

img_2968

Кездесуде аудан әкімі Қайрат Нұртаев сенаторға алғыс хат табыстаса, сайлаушылар мен аға буын өкілдері халық қалаулысының Сенат қабырғасында, ауданымыздың көркеюі жолында атқарған жұмыстарын оң бағалап, сәт сапар тіледі.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521