Халық қалаулысы – Құрманғазы ауданында

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевтың ауданымызға іссапары Бірлік ауылындағы «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінің  салынып жатырған жылдық өндірістік қуаты 1500 тонналық балық зауытының құрылысында болумен жалғасты.

«Каспий-Балық» ӨК атқарушы директоры Жұмажан Шакупов өз сөзін жергілікті балықшылардың мұң-мұқтажын Парламент қабырғасында көтеріп келген облысымыздан сайланған депутаттарға ризашылығын білдіруден бастады. – Алдыңғы жылдардағыдай емес, жылдық лимит рұқсатын алудағы өзгерістер біздерге өте тиімді болды. Бұрындары оны күтіп біраз уақытымызды жоятын болсақ, енді мұз көбесі сөгілген бойда кірісіп кетеміз. Біздің балықшыларың науқанды бастағанына  бір аптадай болды  қолдары қанды, қоржындары бос емес. Көріп тұрғаныңыздай табан, қаракөз, құты, ара-тұра сазан, көксерке, жайын балықтары да кездеседі. Балықты сеткі тор емес, қабадамен(вентерь) аулаймыз. Оның бір жақсы жері іліккен балық лезде өліп қалмайды, қанша күн өтсе де тірі жатады. Зауыттың іске берілген цехтарында балық өңдеу өткен жылдан басталып кетті. Мұздатқыш камерасы толыққанды істеп тұр, өнімімізді мұздатылған, салқындатылған күйде өткізуге мүмкіндіктеріміз бар. Инвестормен сол өнімдеріміз арқылы есеп айырысатын болып келісілді. Қазіргі уақытта зауытта 200 тонналық балық тұздайтын орын салынып жатыр, құрылысы екі аптада аяқталып, пайдалануымызға беріледі деп отырмыз, - деп зауыт жұмыскерлері де, құрылысқа тартылғандар да жергілікті тұрғындар екенін қаперге берді.

Қызу қарқынмен жүріп жатқан құрылысқа жауапты маман Игорь Стемасов бұдан басқа тоған құрылысы да қатар салынып жатқанын назарға беріп, болашақта дөңмаңдай, ақ амур балықтары өсірілетінін мәлімдеді.  Аумағы 200 гектар жерді алатын тоғанда шабақ өсіретін тәлімбақ та, зертхана да болатынын, осында еңбек ететін мамандарды да даярлауға жәрдемдесетінін жеткізді.

ozhaev-rmanazyda_jpg1_jpg3

Зауыт жұмысымен танысқан халық қалаулысы балық-байлықты қорына зиян келтірмей аулауға, шығырылатын өнімді терең өңдеуге, акваөсіруге - тоған шаруашылығына ерекше маңыз беріп отырған ұжымның бүгінгі тірлігіне риза болып, бастаған істеріне сәттілік тіледі.

ozhaev-rmanazyda_jpg4

Бұдан соң Мәжіліс депутаты Н.Ожаев Байда ауылдық округінің тұрғындар жиынына қатысып, округ әкімі Ж.Төрғалиевтің есепті баяндамасын, ауыл адамдарының өтініш, сауалдарын тыңдады. Ауыл тұрғыны Ақылбек Сәрсеновтің сауалы тікелей қатысып отырған жоғары лауазым иесіне жолданғандықтан жауабын бере кетіп, заң шығарушы органның жұмысы, депутаттық қызметі жайлы баяндады. – Ана мен бала мәселесін, жүкті әйелдердің денсаулығына жете көңіл бөлінбей ауру бала туылатынын, оны емдетуге, сауықтыруға, асырауға мемлекеттің  қыруар қаржысы кететінін жақсы айттыңыз, бәленбай жыл жәрдемақы төлегенше тоғыз ай анасының  саулығын ойластырған тиімді деген ойыңызды құптаймын. Бізде үкіметтік сағат, парламенттік тыңдау деген болады, алдағы уақытта сонда көтеріп, тиісті органдарға сауал жолдап бұл бағытта жұмыстанатын боламын. Парламентте жаңа заңдар қабылдаймыз, кейбір қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгіземіз. Облыстарға іссапарға келгенде сіздердей сайлаушылармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, шешілу жолдарын қарастырамыз, - деген халық қалаулысы кейінгі уақытта қоғамда болып жатқан өзгерістер, әлеуметтік теңсіздік, одан туындаған түрлі толқулар, қаңтар оқиғасы, қуаңшылық, утильалым, басқа да түйткілді мәселелерге тоқталып өтті.

ozhaev-rmanazyda_jpg1

Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында құрманғазылықтармен жеке қабылдауын өткізіп, олардың арыз-шағымдарымен танысты. Алдымен қабылдауда болған «Сервистік дайындау орталығы» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Бержан Кенжебаев Ауыл шаруашылығы министрінің  2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығы қосымшаларындағы кейбір пункттерге өзгеріс енгізу, ірі қара малды союмен айналысуға өндірістік нысанның есептік нөмірі «G-1» статусы бар ет өндіруші кәсіпорындарды қатыстыру сияқты мәселелерді көтерді. Жеке кәсіпкер Мирғали Ғабдушев заңды тұлғалардың электр энергиясын тұтынғаны үшін төлем 1 киловатт сағатқа 35 теңге 22  тиынға көтеріліп кетуі кәсіпкерлікпен айналысатындарға қиындығын туғызып отырғандығын айтып, тарифты түсіруге жұмыстануды сұрады. Сондай-ақ, заңды тұлғаларға сырттан(шетелден) жұмыс күшін алдыртуға рұқсат берілсе деген өтінішін қоса кетті.

«Ақжонас» ЖШС директоры Мұхар Шаяхметов қазіргі уақытта қасқыр көбейіп кеткенін айтып, зиян шегіп отырғанын шаруагерлердің жанайқайын жеткізді. - Қасқыр мен шибөрі аулауға лимитті бөлу кезінде Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан асығыстыққа жол берілуде. Себебі, қасқыр атуға берілетін рұқсат арнайы сараптамадан өтпей, зерделенбей бір-екі күн ішінде үлестіріле салады. Осының салдарынан рұқсат қағаз ит-құсты малына тимес үшін аулайтындарға емес  жай аңшылылықпен, саятшылықпен айналысатындарға кетіп отыр. Олар малды өңірге барып қасқыр ауламайды, тек қару ұстап жүру үшін немесе құс ату үшін ғана алады. Осы қасқыр аулаудағы олқылықтарды оңтайлы шешуге ықпал жасауыңыз сұралады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ұлыбек Өтегенов сауда-саттық және азық-түлікпен қамтамасыз етумен айналысатын жеке кәсіпкерлер атынан алдағы сәуір айынан бастап іске қосылатын тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі пилоттық жобадағы кейбір тиімсіз тұстарды атады. - Кәсіпкерлер пилоттық жобаға негізінен қарсы емес. Бірақ, қиындық туындататын жерлері бар. Атап айтқанда, шекаралас аймақта орналасқан шағын кәсіпкерлік субъектілері Ресейден тасымалданатын тез бұзылатын азық-түлік тауарларына шекара аймақтарынан өткенге дейінгі аталған тиісті құжат тапсыру келісім-шартсыз, алдын ала төлем жасалмай, сатушыға тауар таңдап, бағасына және сұранысқа қарап, қолма-қол ақшаға сауда жасайды. Сол себепті тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды алдын ала жіберуге құжат алмасуда тиімді байланыс жоқтығы және интернет жылдамдығының төмендігі, осы құжаттармен айналысатын маманның жоқтығы кәсіпкерге көп кедергісін тигізеді. Сондықтан мүмкіндігі болса аз мөлшерде, яғни шағын автокөліктерімен тасымалдайтын кәсіпкерлер ілеспе жүкқұжаттар рәсімдеуден босатылса деген ұсынысым бар.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Өтеулиев негізінен ауылдық жерлердегі мүгедектігі бар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар тартылатын қоғамдық және  әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыру мен қаржыландыру қағидаттарына нақты себептерін атай отырып өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысын жасады. Қабылдауда болған азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдаған халық қалаулысы айтылғандардың маңыздылығын атап өтіп, тиісті министрліктерге сауал жолдау, тікелей пікірлесу арқылы  шешуғе атсалысатынын жеткізді. Соңында «Нұр Отан» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес өкілдерімен дөңгелек үстел басында жүздесті.

Ауданға іссапарын қаржылық қиындықтарға тап болып, банкротқа кету қаупі туындаған «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жағдайымен танысумен аяқтады. Онда кәсіпорынның тең құрылтайшысы Нұғыман Меңдіғалиев, директоры Гүлнәр Омарғалиевамен кездесіп, шырғалаңнан шығу жолында бар мүмкіндікті пайдаланып қалуды, бастаған істі жолдан тастамауды айтып, жігерлендіре сөйледі. Құс етін дайындайтын цехтың көп өңірдерде кездесе бермейтінін, халыққа аса қажетті өндіріс екенін атап өтіп, өз тарапынан бұл іске де жанауырта араласатынын жеткізді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT