Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев ауданымызға іссапарын Құрманғазы ауданының зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығынан бастады.
Орталықтың басшысы Нұржан Бахреденов атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Мекеменің мамандары жартылай стационарлық жағдайда мүмкіндігі шектеулі 20 балаға, үйден қызмет көрсету жағдайында 86 жалғызбасты қарияға және 48 мүмкіндігі шектеулі балаға 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызметтер көрсетуде.
Орталық тәрбиеленушілерін тасымалдауға арналған 2 инватакси көлігі бар. Қызметкерлер саны – 74. Мамандар әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек бағытында қызмет көрсетеді. - Аудан бойынша 300- дей мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Бүгінде орталықтың жартылай стационарына жүгінгісі келетін ата-аналардың қатары артып келеді. Осыған орай, мекеменің бала қамту ауқымын кеңейту мақсатында аудан әкімінің 2019 жылдың 14 қаңтардағы №7 қаулысымен Құрманғазы ауданының зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының теңгеріміне Құрманғазы ауылы Құрылысшылар мөлтек ауданында орналасқан, жалпы ауданы 566,6 шаршы метрді құрайтын ғимарат балансқа алынды. Аудандық құрылыс бөлімі арқылы оны реконструкциялауға жоба сметалық құжат жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы сметалық құны 305 613,0 мың теңгені құрап отыр, - деген орталық басшысы Н.Бахреденов ата-аналар тарапынан түскен ұсыныстар мен проблемалық түйткілдерін тарқатып айтты. Қызметкерлер мен жүздесу барысында халық қалаулысы ем қабылдаудың түрлері, арнайы медициналық құрылғылармен жұмыс жасау әдістерін сұрады.
Балалардың ой-өрісін дамытуға арналған ойыншықтарды тарту етті. Мамандар да күні бүгінге дейін жеткен жетістіктерімен бөлісіп, оңалту саласындағы өзекті мәселелерді қозғады.
Ауданымызға іссапараы барысында мәжілісмен Байда ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесіп, толғандырған сұрақтарына жауап берді. «Nur Otan» партиясы аудандық филиал ғимаратында құрманғазылықтарды қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады. Фракция мүшелерімен кездесіп, «Бұйырғын» құс зауытын аралау жоспарлануда.
Айнагүл Шакупова