Халық қалаулысы ауданда болды

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев жұмыс сапарымен ауданымызда болды. Халық қалаулысы аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың «Nur Оtan» партиясы фракциясы мүшелерімен кездесті.

Парламент Мәжілісінің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне мүшелік ететінін айтқан ол осы тақырыпта сөз қозғады. «Елімізде маңызды стратегиялық ресурс бар. Ол – жерасты тұщы сулары. Бүгінгі таңда елімізде тәулігіне 43 млн куб метрден астам су қорын қамтитын 4286 кен орындары бар. Бұл жерасты суларының кен орындары еліміздің 14 облысының аумағында орналасқан. Өкінішке қарай, жерасты суларын пайдалану жүйелі түрде бақыланып, реттелмей отыр. Кезінде қазылған гидрогеологиялық ұңғылар ескіріп, ашық күйінде қалдырылып, бүгінде 2256 апатты гидрогеологиялық ұңғылардан жер асты сулары тоқтаусыз айдалаға ағып жатыр. Кейбір өңірлерде жүздеген ұңғылар жоюды және консервациялауды қажет етеді» деп мұның салдары жер асты қорларын орны толмас шығынға ұшырататын назарға берді. Сондай-ақ, облысымыздағы Жайық өзенінің, ішкі сулар Сағыз, Ойыл, Жемнің қазіргі жағдайын сөз етті.

Аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов екі жылдан бері Қиғаш, Шарон өзендерінде жаздың аптап айларында балдыр иісі шығып, ішуге мүмкін болмай қалатын жайттарды атады. Депутат Б.Кенжебаев өзен-өзекше арналарын су өсімдіктерінен тазалау мәселесін көтерді. Е.Құбашев карантиндік шектеулердің, салынатын айыппұлдардың кәсіпкерлік салаға кері әсерін тигізіп отырғанын қозғады.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты C.Нақпаев «Nur Оtan» партиясы Құрманғазы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесу барысында Нұржау ауылдық округінің тұрғыны, «Алғаяз» шаруа қожалығының жетекшісі Оразғали Алғаязов соңғы жылдары мал шаруашылығына ірі сабақты жем-шөпке берілетін субсидияның кешіктірілмей ерте берілуіне жәрдемдесуді сұрады. Мәселеге орай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Мұфтах түсінік беріп өтті. Халық қалаулысы жұмыс сапарының қорытындысымен облыс әкімінің қабылдауында болғанында бұл сауал бойынша нақтылап сөйлесіп, оңтайлы шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

fb_img_1629486587384

Еңбекші ауылының тұрғыны, мемлекеттік қызметтің ардагері Ханат Айтжанов ауылішілік асфальт жолдар төсеу, Сұрхан өзегіне түп тереңдету жұмыстарын жүргізу, Шарон өзеніне қосу және Атырау-Астрахан тас жолы бойындағы Кадырка зиратын қоршау сияқты үш мәселені көтерді. Депутатқа жолданғанымен бұл сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов жергілікті жерде шешілгелі отырғанын айтып жауабын берді. Мәселен, Жұмекен ауылына 9670 метр, Дәулеткерей ауылына 9500 метр, Кадырка ауылына 6080 метр ауылішілік жол төсеуге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне ұсыныс түсірілгенін қаперге беріп өтті. Сонымен бірге, 20 шақырым Сұрхан, 15,5 шақырым Қадыр, 10 шақырым Көнеу, жалпы ұзындығы 45,5 шақырым түп тереңдету жұмыстарын жүргізуге ұсыныс берілгенін айтты. Ал аумағы 6,2 гектар, қоршау ұзындығы 1069,48 метр болатын зират қоршау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін 6 млн 268973 теңгеге бюджеттік өтінім берілді деді.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT