Көрісу – Наурыз мейрамының бастауы. Татулыққа, бірлікке шақырар бұл дәстүрдің халқымыз үшін мән-маңызы ерекше. Осы орайда облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Карсакова канвассинг-көрісу кездесулерін ұйымдастырды.
Ізгілікке толы игі амал Құрманғазы ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Күлаш Құспанованың үйінен басталды. Тілінен тәубесі үзілмейтін ардақты ана бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ғұмыр жолынан сыр шертіп, ғибратты әңгімесін өрбіткен зейнеткерге халық қалаулысы ақ тілегін айтып, арнайы сый-сияпатын ұсынды. Одан кейін келген қонаққа есігін айқара ашқан Бауыржан Хамеденовтың шаңырағында 5 бала тәрбиеленуде. Оның үлкені бүгінде Ақтөбе қаласындағы медицина университетінің 1 курс студенті. Ізінен ерген бауырларының да кең, жарық үйде жүздері бал-бұл жанып жүргеніне ішің жылиды. Ошағының ұйытқысына айналған Ғалия Хайдарова алдағы уақытта өз кәсібін ашпақ ниетте. Отбасындағы ерекше жылылық пен тәрбиеге сүйсінген Замзагүл Оңдасынқызы қандай да түзу бастама көтерушіге мемлекетімізде мүмкіндік көп екенін жеткізді.
Жақсы дәстүр Орлы ауылында жалғасын тапты. Бұл округтегі Карима Шыңғалиева 42 жыл медицина саласында қызмет еткен. Талай қиындықтан тауаны шағылмаған тектінің өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Айтулы мерекемен құттықтаған депутат ардагердің жаңа заманда көрер қуанышы көбеюін тіледі. Сондай-ақ, ауылдағы Қажымұхан Рахметовтың шаңырағына ат басын бұрып, көпбалалы ана Гүлназ Жанкеева мен 6 бүлдіршіннің жағдайымен танысты. Балалардың сабақ үлгерімі өте жақсы деңгейде. Ел сенімін арқалаған жан балғындарға базарлық үлестіріп, қай кезде де қол ұшын беруге дайын екенін қаперледі.
Ізгі істі дәріптеушілерді Еңбекші ауылының тұрғыны Теміртас Елеусінов төріне оздырды. 43 жыл ауылшаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқан ақсақал 17 жыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық жұмыста да белсенділік танытқан. Өңірінде «Еңбек ардагері», «Кеңес Одағының батыры - Сағадат Нұрмағамбетов», «Жеңіске – 75 жыл», өзге де медальдары жарқырап тұр. Немере-шөбелерінің қызығына бөленіп отырған қария мерейін өсіріп, мерекемен құттықтаушыға ақ батасын берді. Ауылдағы ағайынның хәлін сұрап, айтарына құлақ түрген жанның кездесуі аталмыш ауылдағы көпбалалы ананың үйінде түйінделді. Қазіргі таңда Жанна Турщиева – әлеуметтік қызметкер, отағасымен 8 баланы жетілдіріп отырған «Алтын алқа» иегері. Руслан Әмірханов бастаған округ әкімшілігінің әркез қолдау көрсететінін алға тартқан ол Замзагүл Карсакованың қайырымды қарекетіне аналық жүрегімен алғысын жаудырды.
Еркеназ Қалижан