Кезекті отырысын өткізді

(0 Votes)

Ашық қоғам құру мен әділдік орнату – қазіргі күннің басты талабы. Бұл бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуын қамтамасыз етуге атсалысатын әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің орыны ерекше. Билік пен халық арасындағы диалог алаңына айналған аудандық қоғамдық кеңес өзінің кезекті отырысын өткізді. Оның күн тәртібіне сегіз мәселе қойылды.

Алғаш болып аудан әкімі Абат Жанғалиевтың «Ауданның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуы және алдағы міндеттері туралы» есебі тыңдалды. Әр сала бойынша атқарылған істерді қамтыған баяндаманы мұқият тыңдаған кеңес мүшелері аудан басшысына өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мәселен,  аяқталуы созылыңқырап кеткен «Құрманғазы – Бірлік» тас жолының ертеңі, Теңіз ауылындағы бұрынғы мектеп ғимаратын балабақшаға қайта жаңғырту мәселесі, Азғырдағы мәдениет үйінің құрылысы, түп тереңдетудің сапасыздығы, орталық көпірдің қазіргі сыйқы жайында  қойылған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды.

Ауданнан сайланған халық қалаулыларының өткен жылы атқарған істерінен мәслихат хатшысы Гүлжанат Қалиева  хабардар етті.  – Есепті жылы аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыруымен «Депутаттық оқу» семинары ұйымдастырылды. Ондағы мақсат өкілді органға жаңадай сайланған депутаттардың заң аясында сауаттылығын арттыру, жергілікті атқарушы органдарымен өзара тығыз қарыс-қатынас орнату, өз міндеттерін мінсіз атқару болып табылады. Сондай-ақ, «Депутаттық қызмет – мінсіз міндет» тақырыбында облыстағы барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларымен пікір алмасу өкізілді. Мұның жұмысымызды одан әрі жетілдіру,  депутаттық қызметті талапқа сай атқару, сайлаушылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу  сияқты істерімізге көп септігі тиді, - деген хабарламашы бұдан басқа мәселелерді сөз етті.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин жыл ішінде атқарылған істерге тоқталды. Округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің, халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыстарының сапасына зерделеу жасалып, мониторинг қорытындысымен ұсынымдар жолданғаны айтылды. Сонымен қатар, «7 разъезд – Асан – Азғыр – Сүйіндік» автокөлік жолдарын күтіп ұстау, «Атырау – Астрахан» республикалық маңызы бар автотрасса, аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы  бойынша тыңдалымдар өтіп, тиісті шешімдер алынғанын мәлімдеді.

Аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жігер Жанханов «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне енгізілген өзгеріс  пен аудан әкімдігінің кейбір қаулыларының күші жойылды деп тану туралы екі бірдей қаулымен таныстырды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов те  аудан бойынша бөлшек салықтық арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлемені төмендету және шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін бекіту туралы аудандық мәслихаттың екі шешімінің жобасын назарға берді.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова аудандық мәслихаттың «Құрманғазы ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы» 2020 жылғы 25 тамыздағы  №530-VІ  шешіміне өзгер енгізуді ұсыныс еті.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Жаудин отырыс барлық мәселелерді талқылай келе, есепті баяндамаларды қаперге алу, ал қалғандарына орай ұсыным беру туралы қорытындыға келгенін хабарлады.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT