Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін праймеризге дайындық жұмыстарының барысы және түсінік жұмыстарын жүргізу жөнінде семинар кеңес ұйымдастырылды.
Cеминарда осы бағыттағы атқарылатын жұмыстар пысықталды. Оған «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Роман Мақсотов, ұйымдастыру-бақылау жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қуантай Бисалиев және саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Құтжан Құлмашев, «Jas Otan» ЖҚ-ның Атырау облыстық филиалының төрағасы Ринат Гилажев қатысты.
Алдымен партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев тақырыпқа сай жасалып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша хабарлама жасады. Хабарламашының айтуынша аудандағы 21 бастауыш партия ұйымындағы 2450 партия мүшесінің 2123-і онлайн, 328-і дәстүрлі дауыс беруші. Соңғысы Азғырда-80, Сүйіндік-194, Асанда-51 адам. Сонымен қатар 225 жас дауыс беретіндер қатарында. Пандемияға байланысты 4-5 адаммен ұйымдастыру, есеп комиссияларының отырыстары 3 рет өткізіліп, 4 рет түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мұнан басқа түрлі чаттарда топтар ашылып, күнделікті түскен сұрақтарға жауап қайтарылған. 8 сайлау учаскесі, 5 пікірсайыс өтетін орын белгіленген. 4 жерге праймериз туралы билбордтар орналастырылған.
Облыстық партия филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қуантай Бисалиев онлайн және учаскелерде дауыс беру жөнінде кеңінен тоқталып: – Мұнда біз кездесуді онлайн өткізбей, көзбе-көз ұйымдастырайық деп келіп отырмыз. Бір партия мүшесі тек бір рет ғана дауыс бере алады. Айта кетер жайт аудан көлемінде көптеген партия мүшелерінің электронды поштасы жоқ. 68 партия мүшесінің мобильді көшірмелерін таппадық. Жеті ауданның ішінде қағаз бюллетендер тек Құрманғазы ауданында бар. Соған орай қаншасы керегін тез арада беріп тастауларыңызды сұраймыз, - деді. Аталған партияның облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Құтжан Құлмашев праймериздің басты жеті мақсатын баяндап, ашық және жабық түрі, үміткерлердің бағдарлама жасауы мен қорғауы, дебат өткізу жөнінде түсіндірді.
«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Роман Мақсотов: – Праймериз тәртіпке сай, заң шеңберінде өтуі қажет. Партиялық бақылау комиссиясының міндеті оның өту барысында түскен барлық арыз-шағымдарды дер кезінде қарау. Назар аударатын нәрсе кандидатты тіркеу мерзімі. Комиссия мүшелері қандай жағдайға да 24 сағат ішінде дайын болуы тиіс. Кез-келген шағым зерделенгені жөн. Ол дауыс беру кезінде 1-2 сағатта шешілуі керек. Үміткерлердің құқықтарын қорғау шеңберінде барлық филиалдарда ақпарат беру орталығын ұйымдастырыңыздар. Кем дегенде құрамында үш партия мүшесі бар мобильдік топ құрылсын. Халық праймериз ашық және әділ өтіп жатырғанын білгені жөн, - деді.
«Jas Otan» ЖҚ-ның Атырау облыстық филиалының төрағасы Ринат Гилажев қатысушыларды өткелі отырған праймериз партияға жаңа толқын, тосын леп әкелуі үшін ынталы жастарға мүмкіндігінше қолдау көрсетуге шақырды. Облыс жастарының көшбасшысы ақпараттық-насихаттық жұмыстарды «Фейзбук», «Инстграмм», «Телеграмм» әлеуметтік желілерінде жандандыру қажеттігін тілге тиек етті. Мониторинг жасағанда партия мүшелерінің парақшаларына салынған постыларды төрт мың адамнан төртеуі ғана қарайды екен. Мұны желіде белсенді болумен, инфраграфикамен ретке келтіруге болады. Одан әрі сөзін жалғаған Ринат Ғилажов: – Қазір адамдар салынған постыны оқымас бұрын астындағы жазылған пікірге қарайды. Содан кейін барып оқиды. Желіде белсенді болыңыздар. Бастан кешкен қызық оқиғаларыңызды салсаңыздар, халық сіздерді таниды. Оқысын, сіздің кім екеніңізді білсін! Әйтпесе, ертең праймеризде бұл кім деп таңданып жүруі мүмкін. Қай-қайсымыз да қазір ақпарат майданындамыз. Сайлауалды бағдарлама бір-екі мәселе болса да өзектілігімен құнды, - деп қажет болса ол жөнінде кеңестер беріп, көмектесуге әзір екендерін жеткізді.
Семинар-кеңес барысында қатысушылар тарапынан ұйымдастыру жұмыстары барысына қатысты біраз сұрақтар туындады. Орлы бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Мұфтах аудан көлемінде интернет жылдамдығы бәсеңдігіне орай қағаз бюллетендермен қамту өзекті мәселе екенін алға тартты. Аудандық партия филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бержан Кенжебаев, партия мүшелері, жеке кәсіпкерлер Валерий Ниғыметов, Гауһар Болатбаева және басқалары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын ортаға салды. Шараны «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев қорытындылап, облыстан келіп түсінік жұмыстарын жүргізіп жатқан топқа ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ