Әкесі жағынан туыстарын іздейді

(0 Votes)

Өткен әзірде «Телеграмм» әлеуметтік желісінде Якутск қаласынан Жұмағазиев Қайрғали Мағауұлының төмендегідей хабарламасы жарық көрді.

«Қайырлы күн, көмектеріңіз қажет. Саха(Якутия) елінде туылып, ұзақ жылдар тұрған, қазіргі уақытта Новосибирск қаласының тұрғыны 68 жастағы Петрова(Сабекова) Галина Гевазқызы әкесі жағынан туыстарын іздейді. Әкесінің ұлты қазақ, 1909 жылы 21 қаңтарда Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Журмата селосында туылған. Балалар үйінде тәрбиеленген ол соғысқа алынып, тұтқынға түскен, кейіннен Якутияға жер аударылыпты. Сонда жүріп екінші рет үйленген, Қазақстандағы бірінші некесінен Ғалия атты қызы, екі ұлы болған екен. Галина әкесін білетіндермен, туыстарымен хабарласып, мүмкіндігі болса әкесі туған топыраққа барып қайтқысы келеді. Интернеттен іздегенімізде қазіргі уақытта Теңіз ауданы да, Журмата селосы да жоқ болып шықты. Осы өңірде тұратындардың бұл турасында білетіндері болса хабарласуларын өтінемін» делінген хабарламамен бірге екі фотоны, артындағы аты-жөндері жазылған дерегін, реабилитациялау туралы құжатты қоса жіберіліпті.

Көрсетілген телефон бойынша хабаласқанымызда Саха Республикасындағы «Алатау» қазақ қоғамының төрағасымын деп таныстырған Қайрғали Мағаулы бұл бойынша жиырмаға жуық адамның хабарласқанын, қазіргі уақытта Теңіз ауданы Құрманғазы болып өзгергенінен, селоның Журмата емес, Зормата екенінен хабардар болғанын, ал Геваздың Хиуаз болуы мүмкін деген топшылаумен де келісетіндігін айтты. Нақтылай түсу үшін Галинаның өзімен хабарласуды сұрап, байланыс телефонын берді.

spravka-o-reabelitatsii-sabekova-gevaza

Телефон тұтқасының арғы жағындағы Галина Гевазқызы қазіргі уақыттағы шектеуге байланысты саяжайда уақытша тұрып жатқанын, алға қарай немересінің көмегімен интернет арқылы толық ақпарат алмасуға мүмкіндігі болатынын жеткізді. – Марқұм әкем өзінің қазақ екенін айтқанымен, өткен өмірі жайлы көбірек ашыла бермейтін. Тұтқында болып, 1947 жылы Эстонияның Таллинн қаласынан осында жер аударылыпты. Менің білетінім, бірінші әйелі белсенді, коммунист болса керек, «сатқынмен араласқым келмейді» деп отбасына кері қабылдамай қойыпты. Туған жерінде балалары қалған, менің есімімді Ғалия атты қызына ұқсастырып қойғанын айтатын. Әкем 1991 жылы толық реабилитацияланды, бұл күнде марқұм болды. Аталған фотоларға кейіннен жанұялық құжаттарды қарастырып отырып кезіктім. Әкем жайлы, оның туыстары, ұрпағы турасында кеңірек білгім келеді. Ешқандай бөтен ниетім жоқ. Қартайған шақта адамды айтып түсіндіре алмайтын аңсарлы бір сезім билейді екен, - деп бізден сағынышты хабар күтетіндей көңілде қоштасты.

«Адамның басы – Алланың добы» деген, мынау дөңгеленген дүниеде қайда ғана домаламайды. Қайда тарыдай шашылмаған қазақ, Сәбектің ұлы Геваз да соның бірі болғаны. Тағдыр тәлкегі оны туған жерінен жырақтатып, өмірінің арнасын басқа бағытқа бұрып ала кеткені ақиқат жайт. Жазмыштан құтыла алмайтыны да хақ нәрсе. Алайда, кіндік кескен топырағы жүрегінің жылы түкпірінде жүргені айтпаса да түсінікті, өйтпесе екінші қызының есімін біріншісіне ұқсастырып қояр ма еді?! Ел-жұртқа деген сартап сағынышы оны сан рет мазаламады дейсіз бе?! «Қанына тартпағанның қары сынсын» демекші, қызы Галинаны да әкенің кіндік қаны тамған топыраққа тартып тұрғаны осы тылсым күш қой. Әлеуметтік желіні, интернетті аға ұрпақтың біразы біле бермейтіні белгілі, бұл материал көпке қолжетімді газет арқылы тағдырлардың табысуына септеспек ниетте жазылды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT