«Төбеарал Ойл» ЖШС аграрлық салаға бағытталған ауданымыздағы мұнай өндірумен айналысатын саусақпен санарлықтай кәсіпорынның бірі.
Серіктестіктің алғаш құрылуы 2002 жылдың ақпан айының бас кезі. Өндіріс орыны Құрманғазы ауданы орталығынан 40 шақырым жерде темір жолдың арқа бетінде орналасқан. Территория аймағына жақын маңмен Мақат-Солтүстік Кавказ газ және Теңіз-Новороссиск мұнай айдау құбырлары өтеді. Құрылған күннен сейсмологиялық барлау жұмыстары атқарылып, мұнайдың шикізаттық қоры анықталды. Нәтижелілігі бұрғылау арқылы дәлелденіп, болашақтағы қор көлемі нақтыланды. Техникалық жобалау жұмыстары жүргізіліп, кешенді мұнай өндіруге көшті. Игеру басталған жиырма жыл ішінде өндіріс көлемі бірнеше есеге өсті. Мұнай кеніші Оңтүстік-Батыс және Солтүстік-Шығыс блоктарға бөлініп игеріледі. Өнділіген өнім автоцистерналар арқылы «Забурын» мұнай-газ басқармасына жеткізіледі. Компания директоры Хамитов Нұрлыбек Майфөкұлы
Учаске басшысы Өтемісов Жаманқұлды сөзге тартқанымызда учаске басшысы серіктестіктің атқаратын қызметі жайлы ағытыла сөйледі. – Алғашында Төберарал кен орны «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнымен барланып, жер астындағы мұнай қоры өздеріндей ірі компанияға аздық ететінін ескеріліп консервацияға қойылып, мемлекетке кері тапсырған көрінеді. Ал Нұрлыбек Майфөкұлы болса «біздей жаңадан ашылатын шағын ұжымға біразға дейін жетеді» деп кенішке иелік етуді заңдастырып ісін бастап кетті. Құдайға шүкір, талай жыл болды нәпақамызды айыруға жарап келеді. Бастапқыда қойылған екі качалка жыл санап көбейіп, қазірде жиырмаға таяды. Бұрындары бұрғылау мұнарасы өзімізде болмағандықтан әркімнен сұрап пұшайман күй кешіп, жалдау құнына қыруар қаражат жұмсайтынбыз. Өткен жылдан бері өзімізге сатып алып игілігін көрудеміз. Өз мамандарымыз тіке де, көлбегей де бұрғылауға әбден машықтанып алған. Оған өндіріс директоры Ермек Ажикенов жетекшілік етеді, кешелі бері Мәскеуден келген ресейлік мамандармен тәжірибе алмасу үстінде. Бір аусымда 35 адам еңбек етеді. Жұмыс кестесі 14 күндік, келесі аусымның учаске басшысы, мұнай өндіру ісінің шебері Жәнібек Қайдаров.
Қамат Ғаббасов, «Төберарал Ойл» ЖШС-нің Құрманғазы ауданындағы өкілі: Серіктестің басшысы ауданымыздың тумасы, туған жерге бүйрегі бұрып тұратын жақсы азамат. Осында жұмыс жасайтындардың кәміл 50 пайыздайы жергілікті жердің тұрғындары. Қолы ашық, қайырымды жігіт өздерінде істетйтін кейбір қызметкерлердің жоғары білім алып жатқан балаларының оқу ақысын компания есебінен төлеттіріп келгенін жақсы білемін. Кешегі пандемияның кезеңінде алғашында 500 мың теңге, кейіннен 2 миллион теңге аудан округтерінің тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларына, жалғызілікті қарияларға өз көмектерін көрсетті. Сонымен бірге, Еңбекші, Мақаш және Кудряшов ауылдық округтерінің осындай тұрмыстық қиындыққа кезіккен жанұяларға облыстық «Атырау», аудандық «Серпер» газеттеріне тұрақты жаздырып келеді. Бұл игілікті істе директордың кеңесшісі Мерген Байболов ағамыздың да еңбегі зор.
Айбек НӘЖІМОВ