«Ерлік – елге мұра» деген ұлағатты сөз бар.
Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңген ардагерлеріміздің ерлігін қанша ұлықтасақ та, жарасымды. Бұл ретте мен өзімнің әкем, соғыс ардагері Сатқан Үбішев туралы айтсам деймін. 1923 жылдың 4 қаңтарында Үбіш пен Сағираның шаңырағында дүниеге келеді. 1942 жылы 5 ақпанда 19 жасында соғыс алаңына аттанады. Алғашында Бугуруслан қаласындағы 11-ші зенитті-атқыштар батальонының құрамына енген. Қан қасап майданның от-жалынында жүріп шыңдалған әкеміз, взвод командирі бола жүріп, 1943 жылы Беларуссия маңындағы кескілескен ұрыстардың бірінде оң аяғынан жараланады. Сөйтіп, алты ай көлемінде Г.Берек W-1 госпиталында емделеді. Әкеміз осы қантөгістердің бәрінен аман шығып, небір жантүршігерлік жауыздықтардың куәсі болғанын көзіне жас алып, әңгіме қып отыратын. Бүгінде сол бір қаһарлы кезеңнің куәгеріндей, әкемнен қалған уақыттың табынан сарғайып кеткен құжаттар біз үшін ең қымбат дүние болып саналады.
Әрдайым жеке қара басының жайынан гөрі қоғам мүддесін биік санайтын әкеміз барлық саналы ғұмырын туып-өскен ауылының өркендеуіне, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына арнады десек артық айтқандық емес.Кеңшарда балық қабылдаушы, пеш салушы, малға көмекші, ДПО мекемесінде тас қалаушы болып еңбек етті. Анамыз Айман екеуі шаңырақ көтеріп, өмірге 2 ұл, 4 қыз әкелді. 1986 жылы денсаулығының сыр беруіне байланысты зейнеткерлікке шықты.
Неміс басқыншыларымен талай рет бетпе-бет шайқаса жүріп, ел тыныштығын сақтап қалғаны үшінбірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Әкем жарықтық, өле-өлгенше соғыстың қасіретін, адамзатқа салған ауыр жарасын айтып өтті. Өткенін еске алып, бүгінгі күніне шүкіршілік қылатын. «Ол кезеңді адам баласының басына бер¬месін. Сендер аман болыңдар, а鬬на¬лайындар», деп сәт сайын Алладан ұр¬пағының амандығын тілеуші еді.
Әкемнің жамбасы 1987 жылы жерге жылы тиді. Бүгінде әкеден қалған бір белгі көне құжаттар болса, екінші аманаты адалдық пен еңбекті сүю тәрізді болып көрінеді бізге. Өйткені, өзінің асқар таудай алып бейнесімен бүкіл ғұмыр бойы біз үшін өнеге болып келе жатқан әкеміздің бойындағы арман-мұраты, адал ниеті халқына еңбек сіңіру еді. Біз де сол жолмен жүріп келе жатқанымызға, жүре беретіндігімізге сенімдіміз.
Шүкір, ұл-қызынан тараған ұрпақтары бір қауым ел болып отыр. Ол өзі айтпақшы, біз де өткенді еске алып, бүгінгі күнге жеткізген Аллаға мың мәртебе шүкіршілік дейміз. Өмірінің жалғасы бар. «Соғыстың қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Біз көргенді кейінгі ұрпақ көрмесін деймін. Шүкір, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Бақытымыз ұзағынан болғай деп тілейік» деген әкемнің сөзі мәңгі есімде қалды. Әрине, мұсылман баласы болғандықтан, әкемізге жиі құран бағыштап тұрамыз. Жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын біздің ардагерлерге деген құрметіміз арта түсетіні анық. Бұл ерлік мәнін жоғалтпайтын өшпес даңқ. Олай болса, Жеңістің тағылымын жан-жақты насихаттауымыз керек.Лайым, тәуелсіз еліміздің әрбір таңы жарқырап, тыныштықпен ата берсін.
Қызы Гүлжан Сатқанқызқы