Ата Заңымздың бірден 33 бабына, яғни үштен біріне өзгеріс енгізілетін референдумға қатыспай қалуды жөн көрмедім.
Бұл дегеніміз – тарихи сәт, тұтастай мемлекттің келешегінің іргетасы қаланатын болады, оның сіз бен біздің қатысымыз арқылы жүзеге асатындығы қуантады. Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Еліміздің алға қарай дами түсуі тікелей осы референдумға байланысты деген ойдамын. Біріншіден, «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін парламентке беріп, заң шығарушы органның өкілеттігін кеңейтеді. Конституцияның жаңа нұсқасы бойынша ел Президенті саяси партияларға мүше болмайды. Соның нәтижесінде, барлық саяси партияларды дамытуға бір¬дей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады. Одан бөлек, Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделген. Мұның бәрі Президенттің өкілеттігін азайтып, өңірлік деңгейдегі басқару жүйесін күшейтпек. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келген сәттен өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені атап берді. Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділет, үшінші – даму. Қазіргі болып жатқан реформалардың бәрі де президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп білемін. Сондықтан да өзгерістер үшін «иә» деген дауысымды бердім.
Жәннат ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, аудандық аналар кеңесінің мүшесі