«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Балағазы Иманғалиев, Есболат Құбашев, Ерлан Аманжанұлы партиялық бақылауда тұрған нысандарға – Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік үй мен РТС ауылындағы «Келешек мектебі» құрылысына барып, жасалып жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізді.
«Каспий құрылыс LTD» ЖШС-нің жоба жетекшісі Әмір Сисенов комиссия мүшелерімен әңгімесінде «Келешек мектебі» 99% бітіп тұрғанын мәлімдеді. Алдындағы алаңға тас төсеніштер төселіп, сырты қапталып, ауласы қоршалып болған. Қазіргі күні мұнда жылу жүйесі, жарықтандыру, дизайнерлік жұмыстар жалғасуда. Ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Жыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Алпыс пәтерлік үйдің де тапсырылуы жақын. Мұнда мердігер мекеме «Бек и Ко» ЖШС. Жылу, электр, су, кәріз жүйесі біткен. Бірақ су, электр жарығы әлі қосылмаған. Сыртында абаттандыру жұмыстары жасалуда. Қарсы алдына қоршауы бар жасыл алаң, әдемі тас төселген жаяу жүргіншілер жолы, тынығу алаңы салыныпты. Балалар ойын алаңының құрылысы аяқталған. Дегенмен шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Жаңа үйдегі басты мәселе – лас су ағатын кәріз шұңқырын (септик) салу жобада қарастырылмаған. Партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінен осыны шешуге ықпал етуді сұралды.
Қанат ҒҰМАРОВ


