«Келешек мектебімен» бірдей болады

(0 Votes)

«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Есболат Құбашев, мүшелері Балағазы Иманғалиев, Қанат Ғұмаров Абай орта мектебінің директоры Жамал Хасанова, шаруашылық меңгерушісі Радик Кенжеғалиевпен бірге осы білім ұясында жасалып жатқан қайта жаңарту жұмыстары барысымен танысты. Абай жалпы орта мектебі партиялық бақылауға алынып отыр.

Жаңарту жұмыстарымен айналысып жатқан «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС. Мектепті түгелдей жаңартып шығуға  1 миллиард 720 миллион  865 мың теңге бөлінген. Осы қаржыға сыртқы қабырғасынан басқасы түгелдей өзгертіледі. Мердігер мекеменің учаске бастығы Байқоңыр Арыстановтың мәлімдеуінше қазіргі күні бір мезгілде ғимараттың шатырын, су құбырын, электр желісін, есік-терезелерін, жылу, желдеткіш жүйесін  ауыстыру жұмыстары жасалуда. Оған 32 адам, 2 көтергіш кран, 1 трактор жұмылдырылған.  Ғимарат сырты жылу ұстайтын сайдингпен, ішіндегі сынып бөлмелері өртенбейтін материалдармен қапталады. Шаруашылық меңгерушісі Радик Кенжеғалиевтің айтуынша енді бұрынғыдай батарея ысып тұрғанымен сынып бөлмесі салқын болмайды. Себебі, терезелерге жел жібермейтін материалдар салынуда. Бір жақсысы сыртқы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары бір қолдан шығады, яғни, осы мердігер арқылы атқарылады екен. Қайта жаңарту жұмыстары биылғы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарланған. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Балағазы Иманғалиев жөндеу жұмыстары партиялық бақылауға алынғаннан кейін енді мұнда жиі ат ізін салатындарын жеткізді. 

Аудандағы ғасырдан астам тарихы бар, әрі оқушысы көп мектепке жөндеу жүргізу көптен бері айтылып келді. «Сабақты ине сәтімен», дегендей, қолға алынғанына қуаныштымыз. Комиссия мүшелерімен әңгімесінде мектеп директоры Жамал Әдебиетқызы спорт залының бір жақ іргетасы жарылып кеткендіктен балаларды ішке кіргізе алмай жүргендерін тілге тиек етті. Қазір сол спорт залының жарылған іргетасының сыртынан және ішінен 1,70 метр етіп шұңқыр қазылып, темір торлар жасалып цемент құюға дайындалып қойылған. Күн жылынысымен қолға алынады. Білім ұясы басшысының айтуынша ақпан айынан бастап жиһаздарға сұраныс беріледі. Мердігер мекеме өкілінен естігеніміз барлық жұмыстар аяқталғанда Абай жалпы орта мектебі «Келешек мектебінен» кем түспейді. 

Мектеп директоры Жамал Хасанованы сөзге тартқанымызда: – Қайта жаңарту  2025 жылдың 14-ші қараша айында басталды. Осы жұмысты қолдау үшін біздер 2021 жылдан бастап сұраныстар, бюджеттік өтінімдер, мектептің сыртқы, ішкі жағдайлары туралы тиісті орындарға хабарламалар беріп отырдық. Соның нәтижесінде реновация (жөндеу, жаңарту, ауыстыру) жұмыстары жүруде. Күні бүгін біздің Абай атындағы жалпы орта мектебінде 1-11 сыныптар аралығында 1100 бала оқиды, 6 мектеп алды даярлық тобымыз бар. Барлығын қосқанда 1250 оқушы, 121 педагог, 52 кіші қызметкеріміз мектепте жұмыс жасайды. Бүгінде Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатында оқып жатырмыз. Сабақ процессі қалыпты жүруде. Демонтаж (бөлшектеу) жұмыстары толықтай аяқталды, – деді.

Партиялық бақылау комиссияның төрағасы Есболат Захарұлы учаске бастығымен әңгімесінде абаттандыру жұмыстарын жасағанда аласа өсетін тректерді отырғызу қажеттігін ескертті. Мектеп басшысы да өз тарапынан қарағашқа қарға ұя салып, балалардың басын шоқитындықтан оларды кестіріп тастағандарын алға тартты. Мердігер мекеменің учаске бастығы Байқоңыр Арыстанов жоба бойынша қылқан жапырақты ағаштар отырғызылатынын қаперге берді.  

Қ.Зарлыханұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT