«AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында Өңірлік даму мәселелері жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді.
Жиынға кеңес мүшелері және Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары А.Байбусынов, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Тоғаева, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Утеулиев, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Ветинариялық бақылау, қадағалау комитеті Құрманғазы аудандық аумақтық инспекция басшысы А.Ешекеев қатысты. Отырысты аудандық партия филиалының төрағасы Е.Құбашев ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе – үй жайларында нан тағамынан жасалатын өнімдерді халыққа ұсыну кезінде санитарлық талаптардың сақталуы және олардың алдын алу туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Тоғаева хабарлама жасады.
– Ішкі сауда объектілерінен қайта өңдеу үшін қайтарылатын нан және нан-тоқаш бұйымдарына мынадай белгілері бар құжаттар қоса жүреді: бұйымның атауы, салмағы немесе данасының саны, дайындалған күні, өнімді қайтарған ішкі сауда объектісінің атауы, қайтарылған күні, қайтару себептері. Қайта өңдеу үшін қайтарылған бұйымдар ішкі сауда объектілерінде өткізуге арналған өнімдерден бөлек сақталады,- деді Г.Төлегенқызы.
Кеңестің құрамын қайта қарау туралы күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кеңес төрағасы Е.Құбашев хабарламасында кеңес құрамында 7 мүшесі қызмет атқарғанын, өз өтініштерін ескере келе, 2 мүшені кеңестен шығаруға ұсыныс барын айтты. Сондай-ақ, кеңес құрамына ұсынылған жаңа кандидаттар бірауыздан мақұлданып, хаттамалық негізде бекітілді. Жиын барысында кеңес мүшелерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, күн тәртібіне қойылған мәселелер толығымен қаралды.
Еркеназ Қалижан