Әке жолын қуған қыз

(0 Votes)

Кейінгі кездері полицей формасындағы қыздарды көптеп кездестіресіз.  Қоғамда оларға деген құрметтің арта түскенін де байқайсыз. Өйткені, айрықша төзім мен күш-жігерді қажет ететін, ер азаматтарға ғана тән бұл мамандықты таңдау нәзік жандылардың екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді.

Осы бір қиындығы мен қауіп-қатері қатар жүретін қызметке өзінің қалауымен келгендердің бірі - аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Насихатова Әсел Сағындыққызы.

Иә, ол шындығында да жан-төнімен осы жұмысты қалады. Оның әкесі Сағындық Насихатұлы 35 жылдан астам ішкі істер саласында қызмет істеп, подполковник шенінде зейнет демалысына шыққан ардагер полицей. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, шаңырақта жинақылық пен тәртіпке еті үйреніп өскен қайсар қыз мамандық таңдауға келгенде ойланбастан әке жолын жалғастырғысы келгені осыдан болса керек. Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген әдемі мақал бар. Иә, қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты, адамдардың қауіпсіздігін сақтауды мақсат еткен Әсел әкесін әрқашан идеал тұтады.

Жалпы аудан көлемінде Еңбекшінің байырғы тұрғындары Мәдіровтер әулетін білмейтіндер некен-саяқ. Тілеп, Насихан, Насихат ағалардан тараған ұрпақтардың осы қалайы жоқ. Ішкі істер саласындағы Мәдіровтер династиясының негізін тергеуші болып жұмыс жасаған Тілепов Жантөре ағамыз қалады. Кейіннен олардың сапын Насихат ұлдары Сағындық пен інісі, аудандық күзет бөлімінде қызмет атқарған, бүгінде бақилық болған Амандық жалғады. Содан соң бұл қатарға Сейілхан Тілеппұлы мен Серік Насиханұлы қосылды. Қазіргі уақытта полиция қызметінде Әселден басқа Тілептегі Рүстем Нұрлыханұлы мен жақында ғана ел Президентінің қолынан «Айбын» орденін алған Роман Серікұлы бар. Әселдің інісі Нұрберген Көкшетау қаласындағы төтенше жағдайлар институтын бітіріп, қазіргі уақытта аудандағы №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы.

Әке жолын қуған қыз 1992 жылы 15 сәуірде Еңбекші ауылдық округінде дүниеге келді. 1999-2010 жылдары аралығында осындағы орта мектепте оқыды. Онбір жылдық білім алған соң Атырау мұнай және газ институтының экономика факультетіне құжатын тапсырып, аталған мамандықты игеріп шықты. 2015 жылы өзінің бала күнгі арманы болған құқық қорғау саласына келді. Старшина шенінде аудандық  полиция бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының технигі болып сегіз жылдай мүлтіксіз қызмет атқарды. Оның міндетіне есепке алынған әртүрлі санаттағы тұлғаларды дер кезінде есепке қою және оны шығару, есептегі тұлғаның қай жерде екенін белгілейтін ақпараттың бұрмалануына, бастапқы есепке алудың электрондық құжаттарын дұрыс енгізу және есептен алу тұрғысына және «Іздестіру» есебінің «қылмысты қылмыскер», «із-түссіз жоғалған», «белгісіз мәйіт», «алимент төлеуші», «мемлекеттік борышкер», «туысымен байланысын үзген тұлға» мәліметтерін республикалық базаға тіркеп, олардың уақыты келгенде базадан шығарып отырады. Өзіне міндеттелген осындай жұмыстарды дер уақытында жауапкершілікпен атқарып, басшылық тарапынан еш сын-ескертпе алып көрген емес. Жұмысынан қол үзбей жүріп, 2015-17 жылдар аралығында Батыс Қазақстан инновация және телекоммуникация университетін тәмамдап екінші мамандықтың иесі атанды. 2023 жылы ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметіне ауыстырылды.

- Бала кезімдегі арманым – полиция қызметкері болу еді. Себебі, адамдарға қамқор болып, көмектескім келеді. Полицейдің киімін кигенді де ұнататынмын, үйде әкемнің формасына қызыға қарайтынмын. Әкем, ағаларым осы салада абыройлы қызмет атқарған, оларды үлгі тұтамын. Әкем бала кезімнен қатаң тәртіпке, жауапкершілікке үйретіп тастаған.Тек армандап қоймай, алдыма мақсат қойдым. Міне, шүкір мектепті, жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен тәмамдап, бүгінде құқық қорғау саласында қызмет атқарудамын. Қазіргі қызметім тікелей жасөспірімдермен, ата-аналармен байланысты. Ювеналды полицияда асқан жауапкершілік пен төзім керек. Біздің басты мақсатымыз балалардың, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да біздің жұмыс әлдеқайда күрделі, ауқымды. Өзіндік қиын тұстары да кездеседі, қалай дегенде де біреудің баласының бабын табуымыз керек қой. Сан түрлі мінезді жасөспірімдерді тәртіпке бағындыру, теріс жолға түспеуінен сақтандыруымыз қажет. Кәсіби біліктілікпен қоса, жалпы адами қасиеттер де бойымыздан табылуы тиіс. Бұл біз үшін қызметтегі тек міндет, мақсат емес, азаматтық парызымыз деп білемін. Өйткені өскелең ұрпақ – елдің ертеңі, – дейді полицей формасындағы қыз. Оның өзінің де жанұясы бар. 2017 жылы ауылдасы Қибатоллаұлы Азамат есімді жігітке тұрмысқа шығып, бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Отбасылық еңбек династиясы әрқашан ұрпақ сабақтастығын сақтаудың бейнесі, таңдаған мамандыққа және өмір жолына құрметпен қараудың айшықты үлгісіндей. Кез келген мамандықта отбасылық еңбек династиясы ерекше орында тұрады. Өйткені ол сол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Ауданымыздың ішкі істер органдарында еңбек ететін Мұқашевтар, Мирасовтар сияқты  үлгілі полиция династиясы Мәдіровтер әулеті үшін де Қазақстан Республикасының полициясы күні отбасылық мерекеге айналған. Сабақтастығы жалғасқан үлгілі полицейлер династиясының ұстанымы –  темірдей тәртіп және өз елінің патриоты болу. Сонда ғана қиындығы мен қатері мол саладағы тынымсыз еңбек жемісін бермек.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT