Ауданымызда ономастикалық атауларды ретке келтіру жүйелі түрде жалғасын табуда. Осы мақсатпен құрылған комиссияның және «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, танымал ақын Таңатар Дәрелов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Руслан Сәуменов Нұржау, Жаңаталап ауылдық округтерінде болды.
Нұржау ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім кездесуді ашып, ономастикалық атауларды реттеу үлкен шара, мемлекетіміз көңіл бөліп отырған бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екенін жеткізді. Ауыл тұрғындарын осы іске ұйымшылдықпен атсалысуға шақырды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиұлы сапарларының мақсаты жергілікті атауларды қалпына келтіру, алға қарай жасақталатын еліміз үшін маңызы зор картаға оларды түзетілген күйінде енгізу екеніне тоқталды. Қазір ауданымызда орысша, қалмақша 264 жер, су, қоныс, төбе, арна, жайылым және басқаларының аттары барын әңгімелеп, ендігі мақсат солардың бұрынғы атауларын іздеп табу, ол болмаған жағдайда қазақша есім беру екенін айтты. 264 атау енген тізім округке берілетінін, оны көнекөз қариялармен бірге қарап, қажетті өзгертулерді енгізіп, комиссияға тапсыруды қаперге берді. Атауларды қазақшалағанда алдымен сол жерде бұрын болған қоныс, қорым және басқаларын ескеру қажеттігін, орысшадан тікелей аудара салмай, дерек-дәйектемесін бірге жолдау керектігін алға тартты. Сонымен қатар ауылдық округтің тарихы жайлы да қысқаша ақпарат беріп өтті. Қатысып отырған Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ақын-жазушы Таңатар Дәрелұлы кезінде осында тұрғандықтан округтің өткені жайлы әсерлі әңгімеледі. Ауыл ақсақалдарынан Нури Бектелеуов, Асқар Аманғалиев, Оразғали Алғаязов кейбір атаулардың тарихы жайлы сөз қозғап, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Округ әкімі Мұрабек Рифхатұлы орталарына келіп жатқан комиссия мүшелеріне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жаңаталап ауылдық округінде өткен кездесуді округ әкімі Сұңғат Бірәлиев жүргізіп, округтегі Иван, Шешен, Долгин, Конца және басқа да кейбір атауларды қазақшалайтын кез жеткенін айтты. Тізімдегі кейбір атаулар өзге округтерде жүргенімен Жаңаталап ауылдық округіне қарайтынына назар аудартты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиұлы шекара бойындағы атаулар орыс тілінде болғаны дұрыс еместігін айтып, Құрманғазы ауданының үш томдық энциклопедиясында бұл жердің Алтын Орданың кіндігі болғанын назарға алғандарын тілге тиек етті. Округ тарихынан жақсы хабардар екенін білдіріп, кезінде мұнда қандай ұжымшар, батаға болғанын жақсылап жеткізіп, алайда, әлі де біле бермейтіндері барын жасырмады. Сергейден басталып Немелкин, Долгин, Концамен аяқталатын өзге тілдегі бірнеше атауды қазақшалауды жақсылап талқылап, қорытындысын өздеріне жіберуді ұсынды. Содан кейін оларды комиссия қарап, тиісті шешім алады. Қажет деп тапса өзгертеді.
Өзге тілдегі атауларды өзгертуді талқылауға ауыл тұрғындары Тілекқабыл Қарамалаев, Шалқар Сапарғалиев, Ерболат Құбаев белсене атсалысып, жер-су атаулары қайда орналасқанынан, олардың тарихынан біраз ақпараттар берді. Кездесуді округ әкімі Сұңғат Бірәлиев қорытындылап, бұл мәселені ауыл үлкендерімен ақылдасып шешетінін жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ