«Бауыржан» мейрамханасында ауданға қарасты сан салада қызмет атқарып жүрген белсенді жастардың қатысуымен «Қазақша Quiz» интеллектуалдық ойыны өтті.
Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен білімділер додасына 14 команда қатысып, өзара бақ сынады. Әсіресе, Асан, Көптоғай, Шортанбай, Дыңғызыл, Еңбекші, Нұржау, Құрманғазы ауылдық округтерінің мемлекеттік қызметшілері, аурухана, колледж ұжымы, мешіт жастары белсенділіктерін көрсетті.
Білімділер сайысының мақсаты – жастардың білімі мен біліктілігін шыңдай отырып, қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін дәріптеу. Бәсі биік бәсекеде өз саласын терең меңгерген жас мамандар «Құрманғазы – құтты мекен», «Меломан», «Киноман», «Қисын», «Ва-банк» кезеңдері бойынша бақтарын сынап, шапшаңдықтары мен тапқырлықтарын көрсетті.
Нәтижесінде І орынды «Бес арыс» (медресе білім алушылары) командасы жеңіп алса, ІІ орыннан samart (Нұржау), ІІІ орыннан megastar (колледж) командалары көрінді.