Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады.
Сондықтан, қазақ тілінің тарихы әртүрлі кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Оның қалыптасуға бет алуы ХІ-ХІІ ғасырлардағы Түрік қағанатының пайда болу кезеңінен басталып, ХV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Қазақ тілі тарихы – түркітанудағы күрделі мәселелердің бірі. Әдетте, тіл тарихы ұлт тарихымен сабақтас өріледі.
Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі – ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Өткен ғасырда қазақтың бас бостандығы үшін күресіп, құрбандығы болған қайраткеріміз Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» – деген екен. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылықта ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл екендігі баршамызға белгілі. Ең бастысы, бүгінгі жаңа қоғам, жаңа дәуірде қазақ тілінің қажеттілігі орныға бастады.
Мемлекеттік тілді білу, оны меңгеру уақыт талабына айналды.
Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, оны іске асыруда облыстық, аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламада мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-кәсіпкерлік саласының барлық бағыттарында мемлекеттік тілді батыл қолданысқа енгізу көзделген. Елбасымыз өзінің «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында тіл жөнінде: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөнінде кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деген болатын. Бүгінгі жаһандану заманда идея құнды, бірақ оны жүзеге асыру әрбір қазақ халқының мәңгілік міндеті екені айқын. Бұл бүгінгі аға буын мен келер буынға жүктелген жүк. Балаларымызға, немерелерімізге ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, еліміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, тілін қалдыру тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының берік қалануының белгісі болмақ.
Ұрпақ тәрбиесінің маңызына қазақ зер салып, оған ерекше мән берген. Ел мен тіл – егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін қазынамыздың бірі – ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Біздің мәңгілік, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өркениетті құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайтыны рас. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда, тіл жаппай қолданыс тіліне айналар күн де алыс емес. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы барша жастарымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс. Олай болса, Елбасы салған сара жолдан таймайық, елдігімізбен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін, көк туымыз желбіреп, айбынымыз асқақтай берсін!
Ж.С.Жумабаева,
Құрманғазы аудандық сотының
жетекші маманы