Өткен аптада аудан көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын тапты. Бұл жолы жылдағыдай бөгеттердің асты емес, ауылдардың іші де тазартылды. Округтердегі мекемелердің ұжымдары өздеріне бөлініп берген жерлерде жұмыс жасап, елді мекендерді қоқыстан арылтуға белсене атсалысты.
Құрманғазы ауылының дәл ортасында, ескі білім беру ғимаратының орнында қаулаған шөп өсіп, сәнін қашырып тұрған. Осы жерді аудан әкімдігі мен бөлімдер тып-типал етіп тазалап тастады. ПМК елді мекенінде бұрын сенбілік концерттер болып жүрген орын да қараусыз қалыпты. Оны тазалауға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, бейімдеу орталығы, «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалы, мансап орталығы ұжымдары жұмылдырылыпты. «Құрманғазы жолдары» мекемесі ортақ іске 1 трактор мен 1 «Камаз» автокөлігін бөлген. Одан бөлек «Атырау-Жарық» АҚ-ның техникасы да осында.
Орталықтағы қорым маңында ақылы қоғамдық қызметтің адамдары қауырт жұмыс жасап жатырғанын көрдік.Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары Алмас Нұрмұханов: – Бұл адамдардың ауыл тазалығына қосып отырған үлесі зор. Қыста аязда, жазда аптап ыстықта далада жүреді. Бүгін міне, сенбі күні де жұмыс жасауда. Өр суынан қорғау үшін жаға бойына салынған қаптарды да негізінен ақылы қызметтің адамдары алып, орнын тазалады. Еңбектері көріне бермейді, – дейді ризашылығын білдіріп.
«Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар күре жолдан «Қазсервис» Атырау облыстық филиалының №88 Жол пайдалану бөлімінің қызметкерлерін кездестірдік Қолдарында қаптары бар. «Газель» көлігінің артында отызға жуық бүйірі бұлтиған қапшықтар жатыр. Бөлім басшысы Әділбек Мусаұлының айтуынша «Қазақойл» жанар-жағармай бекетінен бастап 2 шақырым жердің қоқыстары жиналған. Кадырка ауылына дейін жүріп шықпақ. Келесі сенбіде одан әрмен қарай асады. Алайда, бүгін тазалаған жерлері қайта қоқып қалатын беретін көрінеді.
Орталық саябақта кітапхана, аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық архив ұжымы белсене еңбектенді. Қоқыстар саябақ қасында тұрған темір жәшіктерге салынды. Өздерінде арнайы жәшік болуы тиістігіне қарамастан жақын жерде орналасқан базардың қоқыстары да осында тасталады екен.
Жалпы сенбі күні «Мерей» балабақшасы, М.Әуезов орта мектебі, обаға қарсы күрес бөлімшесі, аудандық ХҚКО және басқаларының ұйымдасқан тірлігіне куә болдық. Көңілге қаяу салған жағдай кейбір мекемелердің ортақ істен шет қалғаны. Сол сияқты жеке кәсіпкерлерге қарасты ғимараттардың жанында қаулай өскен арам шөптер шабылмапты. Айналасын таза ұстау олардың өздерінің міндеті ғой. Ауыл тазалығы ортақ жұмыс емес пе?! Бір аптада бір өтетін сенбілікке неге шықпайтынын түсіне алмадық.
«Таза Қазақстан» акциясына Құрманғазы ауылдық округінен 4 техника, 250-дей адам қатысып, 10 тонна қоқыс шығарылды.
Қанат ҒҰМАРОВ