Қауіпсіздік кепіліне айналған қор

(0 Votes)

«Әділетті  Қазақстанның  экономикалық  бағдары»  атты Жолдауында  Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экономиканы  қаржыландыру  көздері  жайлы сөз болғанда Ұлттық  қордың  қаражатын  пайдалану  қажеттігі  туралы  жиі  айтылады.

Сарапшылар қордың  жинақтау  және  дамыту  рөлінің арақатынасы  жөнінде  дауласып  жатады. Әрине, қаржыны  жинақтап, сақтау  негізгі  міндет  болуға  тиіс. Ұлттық қордың  қаражаты күтпеген  сын-қатерлерге  тап  болған  жағдайда  қаржы  тұрақтылығын  қамтамасыз  етуге едәуір  кепілдік  береді. Дегенмен  қордағы  қаражаттың белгілі  бір  бөлігін  Қазақстанның болашағын  айқындайтын  стратегиялық  жобаларды  қаржыландыру  үшін  пайдалануға болады. Тіпті, қазірден  бастап  соған  жұмсау керек»  деген болатын.

Қазақстан  Ұлттық   қорды  2000  жылы  құрған. 2007  жылға  дейін  оған  тек  ақша жиналды. Осындай  қор  құрғанымыздың  пайдасын  көріп те келеміз. Мысалы, 2008 жылы әлемдік  қаржы  дағдарысы  орын  алды. Ол АҚШ-та  басталып, өзге  елдерге  тарады. Қазақстандық  банктердің  шетелден  алған  несиелері  бар  еді. Бастарына  күн туғанда несие  берушілер  қарызды  мерзімінен бұрын төлеуді талап ете бастады. Бұл  кезде шетелден  келетін  инвестиция  күрт  азайды. Оны  қалай  қайтарамыз  деген сұрақ  туды. «Қара алтынның»  бағасы  143  доллардан  аз  уақытта  33  долларға  дейін  құлады. Экспортының  басым  бөлігі  мұнайдан  тұратын Қазақстанға  бұл  кері  әсер етті. Міне, осындай  қиын  сәтте  Үкімет  ел  экономикасына  жетпей  жатқан  қаражатты  Ұлттық қордан  алуға  шешім  қабылдады. Бұл  кезде  оған   21,5 млрд. доллар жинақталған  еді. Қиын  кезде  жаратамыз  деп  ақша  жинағанның  мемлекетімізге  пайдасы  тиді. Одан кейінгі  уақытта  да  республикалық  бюджеттің  дефициті  Ұлттық қор  есебінен  жабылып отырды. 2020  жылы  короновирус  індеті  тарағанда  да  мұндағы  қаражаттың қайырын көрдік.

Бюджеттің  жыртығын  жамау  үшін  қордан 2021 жылы 2700 млрд, 2022 жылы 2 400 млрд, 2023 жылы 2 200 млрд  теңге  аударылған. Әрине, бұл  жақсы  үрдіс  емес. Аталған  қордың  ақшасы  бюджеттің  жыл  сайынғы  кем-кетігін  жабуға  емес, байлықты келесі  ұрпаққа  жеткізу  үшін  құрылған.  Егер, 2000  жылы осындай  қор  құрмай, мұнайдан  түскен  үстеме  табысты  бөлек  жинамай, күнделікті  керегімізге  жарата бергенде, қазір  Үкімет  осыншама  қаражатты  қайдан  алады? Амал  жоқ, тағы  да сырттан  қарыз  сұрауға  мәжбүр  боларымыз  анық. Сол  себепті  де  Ұлттық  қорды құру өзін-өзі  ақтаған  бастама  деуге  негіз бар. Заң  бойынша  Ұлттық  қорға  мұнай секторындағы  табыс (корпоративті табыс, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, бонустар, экспортқа  рента салығы, үстеме табыс салығы), мемлекеттік және ұлттық компанияларды жекешелендіруден, жер сатудан  түскен  және  қордың  инвестициялық  табысы  және басқалары. Соңғы үш  жылда  қордан  12 триллион  теңге, яғни, 30 млрд  долларға  жуық қаржы алынып, әртүрлі мақсаттарға жұмсалған.

Жолдауда  Президентіміз: «Ұлттық  қор  әлден-ақ  бірқатар  ірі  жобаны қаржыландырылып  жатыр. Алайда,  сол  жобаларды  іріктеу  ісінде  жүйелілік  жетіспейді. Сондықтан,  Ұлттық  қордың  әрбір  теңгесі  айтарлықтай  пайда  әкелуі  үшін  барлық ұсынысқа  жан-жақты  сараптама  жасалуын  қамтамасыз  ету қажет», деді. Айтуы орынды, қордан  бөлінген  қаражатты  өз  мақсатына  пайдаланбау  фактілері де бар. Мысалы, Мемлекет  басшысының  тапсырмасын  орындау  мақсатында  Экология, геология  және  табиғи  ресурстар  министрлігі  5 жыл  ішінде  2 млрд ағаш отырғызу, балық  өнімдерін  өндіру мен  экспорттау  көлемін  ұлғайту  үшін  2021 жылы бөлінген қаражаттың  700  миллион  теңгесіне  өздеріне  бағынышты  кәсіпорындарға автокөліктер, жабдықтар  мен  ноутбуктер  сатып  алуға  жұмсап  жіберген. Еліміз бойынша  жүргізілген  аудит  барысында  2015-2021  жылдары  пайдаланылмаған  және Ұлттық  қорға  қайтарылмаған  қаражат  72,3 млрд теңге  екені  анықталған. Соның ішінде 2021 жылға  тиесілі  60  млрд  теңге  қорға  қайтарылған. Өңірлік  бюджеттерде  игерілмей текке  жатқан  осыншама  қаржыға  ондаған  мектеп  пен  аурухана  салуға немесе  ел тұрғындары  айтып  жүрген  талай  өзекті  мәселелердің  түйінін  тарқатуға  болатын еді. Есеп  комитеті  Ұлттық  қор  қаражаты  есебінен  инвестициялық жобаларды  іске  асыруда  орталық  және  жергілікті  атқарушы  органдардың  өзара іс-қимылы  нашар, мұның  өзі  олардың  тиімсіз  жоспарлануына  және пайдаланылуына  әкеліп  соғып отыр деген  қорытындыға  келген. Қазір  осындай  кемшіліктерге  жол  бермеу  қарастырылуда.

Елімізде  осындай  қаржы  көзі  болғандықтан  әлемдік  нарықтағы  бағаның  құбылуы республикамыздың  экономикасына  аз  әсер  етеді. Алдағы  уақытта  да  жаһандық дағдарыстар  болмай  қоймасы  анық. Сонда  Ұлттық  қор  сынды  ресурстар  арқылы оларды  еңсеру  қиынға  соқпайды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT