Каспий тағдыры алаңдатады

(0 Votes)

Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі осы. Бүгінгі  Жолдауында Мемлекет басшысы Каспий теңізінің тартылып бара жатқанына алаңдаушылығын білдірді. Бұл жағасындағы бес елдің халқын асырап отырған айдын десек артық айтқандық болмас. Сонымен қатар, ол бізді теңіз жағасындағы мемлекет етіп отырған су жолы. Каспий Аралдың күйін кешпеуі тиіс. Қазір қолға алмаса, ертең кеш болуы да мүмкін.

Теңіздің  қазіргі күйі мүшкіл екені рас. Жыл сайын тайыздап барады. Бұрынғыдай Еділ мен Жайықтың суы ағыл-тегіл құйылып жатқан жоқ. Ол өзендердің де суы жылдан-жылға азаюда. Биыл тіпті шабындықтарға шығып жарытқан жоқ. Аудан балықшылары, өндірістік кооперативтер дабыл қаққалы да біраз уақыт болды. Енді Мемлекет басшысы да назарын аударып, сақтап қалу үшін жұмыстануымыз қажеттігін алға тартуда. Жұмылып әрекет етуге шақырған Президентіміз  Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны  аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкіндігіне тоқталды. «Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым, ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі кеңес құру туралы ұсыныс айттым. Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет. Бұл құжат Каспий маңындағы елдердің үйлесімді әрі жедел әрекет етуіне арқау болуға тиіс», деген сөзі көңілімізден шықты. 

Әрине, бұл бір ғана Қазақстанның қолынан келер жұмыс емес. Біз өзімізге тиістісін жасап жатырмыз. Бірақ, Ресей бастаған теңіз жағалауындағы елдер де қолға алмаса жағдай түзелуі қиын.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», дегендей, енді, теңіз жағасындағы бес мемлекеттің басын қосып осы жұмысты атқарсақ, Каспий тағдырына өзгеріс енгізер едік. Іске сәт дейміз.

Замзагүл Оңдасынқызы,
облыстық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT