«Қыстың көзі – қырауда» демекші, күннің күрт суытуы мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты ауданға қарасты су айдындарының бетін мұз қатты.
Сірескен көк сауыт ауа өткізбейді. Бұл құбылыс оттегі жетіспеушілігінен судағы балықтардың өміріне қауіп тудыратыны анық. Осының салдарынан су маржандарының жаппай қырылуы тәжірибеде жиі кездеседі. Табиғат байлығын сақтау – әрқайсысымыздың ортақ міндетіміз.
Осыған орай «Каспий-Балық» кооперативінен құрылған бригада мүшелері «Песок», «Булгачный», «Ягодка», «Бахыт», «Жаркоса», «Новинск» учаскелерін үкі, ойық ою жұмыстарымен айналысты. Түрлі қажетті құралдарды қолданған азаматтар балық-байлығымыздың су астында тұншығып қалмай еркін өсуіне жағдай туғызды. Атқарылған жұмыстардың сапалы орындалуын бригада басшысы Е.Мұфтахов қадағалады. Нәтижесінде бригада құрамындағы 15 адам 12 үкі, 14 ойық ойып, жан-жануар түсіп кетпеуі үшін бауланған қамыс орнатып, айналасын қоршап, сақтық белгілерін қойды. Бұл жұмысқа копператив тарапынан 3 жеңіл автокөлік, 1 трактор жұмылдырылды.
Ә.Теміртасов,
«Каспий-Балық» ӨК директорының орынбасары



