Елімізде төтенше жағдай жарияланған бері аудандағы балық аулаумен айналысатын шаруашылық құрылымдары кезекпен тұрғындарға жаңа ауланған балықты тиімді бағаға сатуды ұйымдастырып келеді.
Бұл орайда аудандық мәслихаттың депутаты, жомарт жүректі азамат Жұмажан Шәкупов басқаратын «Каспий-балық» өндірістік кооперативі ерекше белсенділік танытып келеді. Қазіргідей көктемнің көкөзек шағында тұрғындардың жеңсік ас балыққа деген сұранысын ескеріп, белгіленген кестеден тыс күндері де сатуды қолға алған болатын. Енді, міне, аудан басшылығының өтініші бойынша Еңбекші, Мақаш, Орлы, Ақкөл, Нұржау, Жаңаталап ауылдық округтерінің көп балалы, жағдайы төмен отбасыларына 2 тонна сазан балығын тегін үлестіріп қайырымдылық көмегін көрсетіп отыр.
Аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров округтердің алдын ала зәру отбасындағы адам саны негізінде жасақталған тізімге сай берілуін мұқияттады. Алдағы уақытта басқа да табиғат пайдаланушы ұжымдардың есебінен осындай қайырымдылық шарасы қолға алынатынын айтты.
А.НӘЖІМОВ