Қиғаш ауылдық клубында Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы «Теңіз» аудандық филиалының төрағасы, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиевпен «Жылдар мен жолдар» атты кездесу кеші өтті.
Кешті Қиғаш орта мектебінің директоры Марида Құрманғазиева жүргізді. Қиғаш ауылдық округінің әкімі Марина Жүнісова қош келдіңін айтып, мектептің ұйымдастырып жатқан шарасына сәттілік тіледі. Келесі кезекте кеш кейіпкерінің өмірінен түсірілген бейнебаян тамашаланды. Академик Өмірзақ Қажымғалиұлы елге, ұлтқа, қызметке адалдық туралы әңгімелеп: – Қазір Президентіміз Жолдауында айтылған «Адал азамат» ұғымына мән беруіміздің себебі неде? Жасыратыны жоқ осы уақытқа дейін біздің мәдениетіміз, біліміміз, өмірге көзқарасымыз, әлемдік дамудағы орынымыз да жұтаң. Осыны мойындауымыз керек. Олай етпесек, алға қадам баса алмаймыз. Тәуелсіздік алған отыз жылдың үстіндегі уақытта елде түрлі жағдайлар болып жатыр ғой. Біз дамып келеміз. Оған бастап келе жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Кешегі Түркістанда болған Құрылтайда Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында баяндама жасады. Адал адам болуды біз естідік. Ол біздің басты мақсатымызға айналғаны жөн. Қазір соны өзіміздің санамызға енгізуіміз қажет. Әрбір кездесуімізде келіп кетумен шектелмей, оны жастардың санасына тоғытатын әңгіме айтуымыз керек деп есептеймін. Балалық шағымыз осы мәселемен сабақтасып жатқанын жеткізуге тиіспіз. Жалпы «Адал адам» ұғымы нені білдіреді. Бұл – ізгілікті, ешкімнің жасына, ұлтына, жұмысына қарамай бәрін бірдей көретін адам. Әділ, мейірімді, қамқор, еңбекқор, өтірікке бармайды, кісіге қиянатқа бармайды. Басқаларды өз аузынан жырып болса да қамтамасыз етеді. Менің балалық шағым адамды адал етіп тәрбиелейтін шақта өтті.
Ол кезде екі бөлмелі үйде тұрамыз. Үйдің бергі бөлмесінің ұзындығы екі метр болатын шығар. Пешке басын беріп жатса, аяғы келесі қабырғаға тиеді. Екінші бөлмесінің ұзындығы үш-төрт метр. Сонда екі отбасы ғұмыр кешті. Екі отбасының мүшелері дастарханнан бірге тамақтанады. Қайсысы үйге бұрын келсе, сол тамақ пісіреді. Бұл бізді ізгілікке тәрбиеледі. Мысал ретінде айтайын, белінің бүкірлігі бар бір қыз бала анасымен бірге өмір сүрген. Анасы қайтыс болғанда үлкендердің айтуынша қыздың жасы жиырмадан асқан. Сол қыз анасының бейітін құшақтап: «Анам, сен жылы жерде жатсың ғой. Мені мынандай тозаққа қалдырмай, неге өзіңмен бірге әкетпедің? Үйдің салқындығы өз алдына, ішетін тамақ жоқ. Алшы қасыңа», деп жылаған екен. Көршілері оның үйіне келіп қараса бір түйір тамақ қалмапты. Содан біреуі тарысын, біреуі құртын, басқалары шайын, қол басындай етін, ол кезде тапшы болса да бір ыдыспен астығын әкеліп, әлгі үйге от жағып, тамақ пісіріп, жаңағы қызға қамқорлық жасап қатарға қосқан. Ол кезде демеушілер жоқ. Соғыстан кейінгі қиын кездер. Балалық шағымызды еске алғанда сол уақыттағы адамдардың осындай асыл, адами қасиеттері еске түседі. Ондай қиын заман енді келмесін. Аштық пен жоқшылық бізді біріктірсе, тоқшылық ажыратып жібермесін. Анамыздың: «Көлденең жатқан көк шөпті иесінің рұқсатынсыз алушы болма! Табан етің тозып, маңдай теріңмен тапқанды ғана пайдалан. Харам жегізбе, өзің де жеме! Мен саған харам жегізген жоқпын, адал тамақ ішкіздім. Ал, сен адал жүр» дегені әлі есімде. Адал еңбек етіп, таза жүрдік.
Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында «Мақаш» өндірістік кооперативін басқардым. Ақша болмай жатты. Сонда күні-түні халыққа жалақыны қалай тауып беремін деп ойлайтынмын. Алдыма өзім жақсы жалақы алуды емес, тұрғындарға жағдай жасауды, оларды қиындықтардан алып шығуды ғана мақсат етіп қойдым, – деп, еңбек жолы жайлы әсерлі әңгімелеп, өзінің ауыл шаруашылығы саласында қалыптасуына С.Сүйінов, Е.Рахметов, Б.Нұрымов, қаламгерлікте Р.Иманғалиев, Т.Дәрелов, Ө.Әлімгереев, Қ. Жылқышиевтің көмегі тигенін жеткізді.
Қаламгер ағамыз сауалдарға берген жауабында отбасындағы ананың орыны, өзара сыйластық туралы сөз қозғап, жары Мүслиматтың «Жазушы боласың, жаз! Сен жазып жатқандардан кем емессің», деп қанаттандырғанын, «Жылдар мен жолдар» деген кітабы шыққанда қуанып, жастығының астына салып оқығанын тебірене еске алды. Тіл. дін мәселесі жайлы айтып, жастар адал адам болып шыққанын қалайтынын алға тартты. Шараны ұйымдастырушы округі әкімі М.Жүнісова мен Қиғаш орта мектебінің директоры М.Құрманғазиеваға ризашылығын білдірді.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, білім саласының ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жұмақай Ғұмаров кеш кейіперін өзіне ұстаз санайтынын жеткізіп, шығармашылығына жақсы баға берді. Қиғаш жалпы орта мектебінің 9 «б» сыныбы оқушысы Мира Нұрышева өзінің ғылыми жобасын таныстырды. Ауылдық кітапханының меңгерушісі Гүлмира Ахуатқызы «Өңір шежіресінің сыр сандығы» атты тақырыппен Ө.Қажымғалиевтің кітаптарына шолу жасады. Әсерлі, тағылымы мол кешті өнерпаз Ахат Мұстафин, мектеп ұстаздары Салтанат Қожантаева, Салтанат Құрманбаева әсем әндермен, бүлдіршіндер тобы бимен көркемдеді.
Қанат ҒҰМАРОВ