Қараусыз малдан қауіп көп

(0 Votes)

Ауданымыздың үстімен өтетін болат жолдың бойында қараусыз малдың кесірінен теміржол қозғалысының ырғақты жұмысына зиянын келтіріп отырған жайттар жиілеп кетті.

Биылдың өзінде жедел тежегішті іске қосудың 33 оқиғасы тіркелді. Оның ішінде сиыр және түйе малының пойызға басылу фактілері орын алды. Осы мәселеге орай аудан әкімнің орынбасары Нұрлыбек Қалиевтің төрағалығымен округ әкімдерімен, мал дәрігерлік қызметі мамандарының, тәртіп сақшыларының қатысуымен жиын өткізілді.

Ганюшкин стансасы желілік полиция бөлімшесі басшысы, полиция аға лейтенанты Мұрат Темірбеков өз сөзінде бұл мәселе өте өзекті болып отырғандығын айтып, оның шұғыл алдын алу қажеттігін қаперге берді. – Бағусыз жайылған малдың рельс бойына шығып кетуі салдарынан тепловоз машинистері шұғыл тежегішті іске қосуға мәжібүр болады. Алыстан байқаса пойызды тоқтатып үлгереді, ал жақындап қалғанда көрсе жылдамдығын тежегеннің өзінде қағып өту фактісі орын алады. Мұндай жайттар теміржол бойындағы қозғалыстың қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді, пойыздардың жүру кестесі бұзылады. Жыл басынан бергі болған 33 оқиға бойынша пойызға қағылған қараусыз 20 малдың иесі белгілі болып, шарасы алынғанымен, 13-інің құлағында сырғасы болмауы себепті кімнің иелігінде екендігі анықталмады. Жауапкершілікке тартылудан, айыппұл төлеуден жалтарып басылған малдың құлағындағы сырғасын кесіп жойып жіберу де анықтауымызға кедергісін келтіріп отырғанын айтқым келеді. Сонымен бірге, ен таңбасы, сырғасы жоқ сиыр малдары көп кездеседі. Олардың иесін табу мүмкін емес, темір жол бойына жақын отырған қожалықтардан сұрасақ біздікі емес деп азар да безер болады, - деп иелеріне өз малдарын жауапкершіліктеріне алуды міндеттеу, сырғалату бағытында ұсыныс етті.

Аудандық ветеринарлық стансасының меңгерушісі міндетін атқарушы Бауыржан Мусаев көктемгі ветернарлық егу кезінде қожалықтар мен жеке тұрғындардың көрсеткен малдары мен жаңа туған төлдер сырғаланатынын, күзде түсіп қалғандары болса қайтадан салынатынын қаперге берді. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах бағусыз малды уақытша ұстау орынын жасақтау мақсатында округ әкімдеріне бір қожалықпен меморандум жасасуды құнттауды тапсырды. Аудандық әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы, полиция каптитаны Асылбек Мұфтахов мұндай жайттар жалғыз теміржол бойында емес, автокөлік жолдарында да кездесіп тұратынын айтып, малдың мойнына жарық шағылыстырғыш лента тағудың, денесіне сондай бояу жағудың үлкен септігі болатынын еске салды. Қиғаш ауылдық округінің әкімі Марина Жүнісова малдың пойызға қағылу жағдайы жиі орын алатынын жеткізсе, Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Әзімов мұндай келеңсіздіктердің алдын алудың ең тиімді жолы теміржол бойын қоршау деген ойын білдірді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Н.Қалиев «Қазақстан теміржолы» АҚ басшылығына қоршау жүргізу туралы ұсыныс жасалғанын, әзірге ауыл әкімдері мен  мал дәрігерлеріне шаруа қожалық малдарын сырғалату, базаға енгіздірту, бақташы ұстау бағытындағы жедел тапсырмаларды жүктеді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT