Карантиннен шықса да, бейқамдық басым

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы әкімінің жанындағы мониторингтік топ аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровтің бастауымен түстен кейін Ақкөл ауылдық округінде болып, сенбі-жексенбі күнгі шектеулердің сақталу барысымен танысты.  

Ауылға кіргеннен-ақ байқағанымыз әрлі-берлі шұбырған жеке меншік автокөлік, бетпердесіз жүрген адамдар. Сенбі-жексенбі күндері жеке меншік көліктерге жүруге тыйым салынғанын жүргізушілер естерінен шығарып алған.
Жақында ғана індет таралып, карантинге жабылып, шілденің 4-інде ашылған елді мекендегі бұл жағдай аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровті таң қалдырды.

– Берген ақпараттарыңызда ахуал бірқалыпты дейсіздер. Бірінші болып карантинге жабылған ауыл болған соң мұнда тұрғындар сақтық шараларын сақтап отыр деп ойлағанбыз. Жаңа ғана автокөлікті мектеп оқушысы жүргізіп келе жатырғанын көрдік. Өзінде де, қасындағы адамда да бетперде жоқ. Біз бұған дейін карантин жайлы қаулыны «Телеграммдағы» Құрманғазы ауданы әкімдігінің, «Құрманғазы ахуал», «Кәсіпкерлік» чаттарына жазып, оның талаптарымен таныстырдық. Карантин талаптары сақталмаса, індет тоқтамайды. Мұның бәрі өзіміздің денсаулығымыз бен өмірімізді сақтау үшін жасалып жатырған жұмыс. Бұлай жалғаса берсе қайтадан карантин жариялауға мәжбүр боламыз.
Қазір Құрманғазы ауылында жағдай түзелді. Сенбі-жексенбі күндері бейсуат көліктер жүрмейді. Бұған дейін карантин талабын сақтамаған автокөліктер болды. Бір тәулікте жағада жүрген 78 көліктің нөмірін ағытып алғаннан кейін саябырсыды. Коронавирустың қандай қауіпті екенін Алматыда бір күнде 300-ге жақын адам өлгенінен білуге болады. Енді сенбі-жексенбіде сіздерге көмекке полиция тобын жіберуіміз керек шығар, - деді жергілікті полиция бөлімшесінің инспекторлары мен округ әкімімен әңгімесінде.
Округ әкімі Бисембай Рамазанов мұны құптап, сенбі-жексенбіде полиция инспекторларымен ротация жасау қажет деген ұсынысын ортаға салды.
Мониторингтік топ бөлініп ауылдағы дүкендерді аралады. Округ әкімі Бисембай Кәрімұлының айтуынша мұндағы 27 дүкеннің 22-сі жұмыс жасайды. Алайда кейбірі қазір жабық. Дүкендерде болғанымызда антисептиктер бар, есік тұтқаларына залалсыздандырылған дәке оралған.

Адамдарды да шектеп, бетпердемен кіргізуде. Азық-түлік бағасында аудан орталығымен салыстырғанда алшақтық барын байқадық.
Аудан әкімінің орынбасары Жандос Мнафихұлы дүкеншілерге сұраныс берсе арзан көкөністермен көмек көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен қатар кейбір дүкендерге кірер есік алдында дизкедергі болуы, азық-түлік тауарларының бағалары жазулы тұруы қажеттігін ескертті.
Ауыл әкімінің айтуынша кешке қарай тұрғындар көшеге көп шығады. Індет әлі кетіп үлгермесе де бейқамдық басым. Халықтың бәріне топырақ шашудан аулақпыз, бірақ бізді құртатын «Өз басыма түспейінше сенбеймін», деген пиғылымыз.
Осылай ойлап, тәжвирусты жұқтырып алып, сауығып шыққандардың да сөздерін қаперге алмаймыз. Төтенше жағдай жарияланғанда індет жұқтырғандар саны мыңнан асып, өлгендер саны жүзге жетпейтін еді. Қалай Төтенше жағдай тоқтатылды, солай қайтадан бейқамдыққа салындық.

Нәтижесінде бұл ауруға шалдыққандар санын еліміз бойынша 60000-ға жақындатып, оның салдарынан өмірден өткендерді 1500-ге жеткіздік. Өзіміз ауру жұқтырып аламыз да билікті кінәлаймыз. Үкімет дер кезінде төтенше жағдай жариялап сақтандырды. Оны жыл бойы созбайды ғой. Олай етсе өміріміз қиындайды. Іргелес орыс халқында « Сақтандырылды, демек қарулы» деген сөз бар. Орынды айтылған. «Сақ бол», деген сөздің өзі төніп тұрған қауіп-қатерді білдірмей ме? Дамыған елдерде мұндайды естісе халық дереу сақтық шараларын орындауға көшеді.

Қазір аурудың таралуы бәсеңдеді. Бірақ, бұл қауіп бұлты сейілді дегенді білдірмесе керек. Тәжтажалға шалдыққандар саны азайса, бұл алдымен Алланың қолдауы!
Сосын онда жоғары және жергілікті атқарушы биліктің, уақытпен санаса бермейтін дәрігерлеріміздің, еріктілеріміздің, қажетті дәрі-дәрмектер мен құралдарды алып беріп жатқан елжанды азаматтардың, дерт жұғуының жолын кесу үшін жұмыс жасап жүрген полиция қызметкерлері мен мониторингтік топтардың да өзіндік үлесі бар. «

Сақтансаң сақтармын», дегенді ұмытпайық!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT