Шортанбай ауылдық округінде облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды.
Алдағы маңызды саяси науқанға атсалысуға және «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды. Сайлауға үгітшілер еліміз қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты.
Облыстық мәслихатқа кандидат Мереке Құмаров:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Nur Otan» партиясының қоғамдағы жетекшілік рөліне жоғары баға берді. Сондай-ақ, 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдады. Бұл – егжей-тегжейлі зерделенген, шынайы құжат. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, «Nur Otan» Үкіметпен бірге алдағы бес жылдықта аталған бағдарламаны орындауға 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл бастама азаматтық қоғам мен толыққанды мемлекет құруға бағытталғаны айқын,-деп партияның мәртебесі елімізге нақты пайда тигізу мүмкіндігімен өлшенетінін жеткізді.
Алдағы сайлаудың біртұтастығымыз бен береке-бірлігімізді бекемдей түсеріне сенімді аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Теңел Исмағұлов «Nur Оtan» партиясының Құрманғазы ауданы бойынша бекітілген сайлауалды бағдарламасының негізгі жеті басымдығына ерекше тоқталды. Оған сәйкес алға қойылған нақты мақсат-міндеттердің мән-жайынан хабардар етті. Аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Қанат Рысқалиев аудандық филиалдың Саяси кеңесінің, оның Бюросының бекіткен іс-жоспарына сай атқарылған іс-шараларды тізбектеді.
Одан әрі үгіт-насихат ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Рауиля Дощақованың үйінде жалғасты. Сексенге келген кейуана мол жауапкершілікті мойынына жүктеген азаматтардың еңбегіне жеміс тілеп, өңірдің өркендеуі үшін бірқатар жұмыстар жасалғанына ризашылық сезімін білдірді. Көшеде кезіккен жандарға да партияны қолдауға шақыру қағаздары таратылды.
Кездесу кезінде тұрғындар ауылға аурухана қажеттігін, бір көшеге жарық жетіспейтінін, өзек бойындағы бөгеттің үйлерге тым жақын орналасқанын сөз етті. Кандидаттар барлық ұсыныс-пікірлерге ден қойып, қойылған сауалдарға нақты жауаптарын берді.
Еркеназ Қалижан
«Nur Otan» партиясының
Атырау облысы Құрманғазы ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді