Жаз шықса болды өзендеріміз тартылып, кей жерде бөлініп қалған суларымыз көгеріп, балдыр баса бастайды.
Алыста жатқан өзенді бір көрмеспіз, алайда, ауылдың ортасымен ағып, халық суын тұтынып отырған арна шірісе оған қалай жаның ашымасын?! Мұны болдырмас үшін каналдарды тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттігі жылда айтылғанымен әзірге жүзеге асатын, сең қозғалатын түрі көрінбейді. Атқарушы билік тарапынан жылда жасалатын болады. Бірақ, сәті түспей ме, әлде, қаражат қолбайлау ма, әйтеуір «Баяғы жартас, сол жартас», дегендей, төрт жыл бойы халықты құрғақ уәдеге тойғызуда. Сол себепті бұл мәселенің түйіні шешілер түрі көрінбейді. Тұрғындар болса мұңын шағып бізге хабарласады. «Сендер жазбайсыңдар, сосын жұмыс жүрмейді ғой», деп реніш танытады.
Биыл да Еңбекші ауылындағы өзенді балдыр басып, суы дуст татып, өлген балықтар бетіне шығып жатырғаны ақпарат көздерінде, әлеуметтік желіде жарияланды. Балық та халықтың игілігі емес пе?! Ауыл тұрғындарының дабыл қағуы орынды. Жанайқайларына құлақ түріп, шарасын алуды сұрайды. Алайда, «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын», дегендей бәрі солай қалды. Халқымызда: «Тұрып қалса, су сасиды», деген сөз бар. Судың аз немесе көп келуі бізге байланысты емес, алайда, каналдардың тайыздап қалған жерлерін тереңдетуді ұйымдастырып, оның ағысын қалпына келтіру өзіміздің тарапымыздан жасалатын жұмыс емес пе?! Былтыр орын алған жағдайдан сабақ алмаған соң биыл да қайталанды. Тұрғындар бұл мәселені жиі көтермесе, келесі жылы да тап осылай боларына сенімді.
– Жазда суды ішуге мүмкін болмайды. Жылда солай! Мұның себебі тайыздап кетуінен, тіршілік нәрін сыйлап отырған арнамыздың бөлініп қалуынан. Бұл мәселені шешу өте күрделі нәрсе емес, Сурхан өзенін Қаражар деген жерден қазып Шаронға қосу керек. Сонда су айналымы болып, балдыр баспас еді. Былтыр қазу жұмыстары жүрді, бірақ, оны басқа жақтан жасағандықтан биыл су тағы да көгеріп кетті. Су көгерсе «П.Қайседенов» шаруа қожалығына қарасты су тазарту имаратындағы сүзгілер де ештеңе істей алмайды. Оларды былтыр тазалады. Алайда, көмегі болмады. Жақында су айдап тұрған насосты Забурын каналы жаққа қойған соң ба, әлде, күзгі өр суы келгеннен бе, дуст дәмі кетті. Бірақ, бұл мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Себебі, жыл сайын жазды күнгі ыстықта дуст дәмі шығып, күзде кетіп жүр. Қаражар учаскесінен тереңдету қолға алынбаса келесі жылы да осылай болары анық, - дейді ауыл тұрғыны, мәдениет қызметкері Болат Бидоллаев.
Бұл жөнінде Еңбекші ауылдық округінің әкімі қызметіне жаңадан тағайындалған Жасқайрат Хамзинмен де сөйлесіп көрдік.
– Аудан көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынуда. Қазір Қаражар учаскесін тереңдетудің жобасы жасалып жатыр. Ол жоба біткен соң экспертизадан өтеді. Сол себепті ауылдағы су тазарту қондырғысын келесі жылы Маңғышылыққа су айдап тұрған құбырға қосудың да жобасы жасалуда, - дейді Жасқайрат Хамзин.
Екеуі де көптен айтылып келе жатырған жобалар. «Келесі жылы» жүзеге асса жақсы болар еді. Тұрғындар тілегіне құлақ асатын кез жеткен сияқты. Жаңа Қазақстанға ескі мәселемен кіргеніміз ұят! Теңіздің жағасында, Еділдің сағасында, шекаралық аймақта, мұнайлы өңірде отырып каналдарды тереңдету жұмыстарын сөзбұйдаға сала бермей білек сыбанып шешуге күш салатын уақытымыз болды ғой. «Судың да сұрауы бар», дегендей, қолда барымызды бүгін баптай білмесек, ертең бармақ тістеп жүрерміз.
Қанат ҒҰМАРОВ
Сурет: ашық дереккөзден