Қаламгерлермен кездесті

(0 Votes)

Аудандық мұражайда  5-ші қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай Қазақстан Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшелерімен «Қаламгер – руханият шырақшысы» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуді мұражайдың экскурсия жүргізушісі Айнұр Әлиева жүргізді. Жасмин Темірболатқызы «Ана тілім» әнін орындағаннан кейін қаламгерлер шығармашылығын таныстыруға кезек тиді.

Аудандық мұражайдың тарихшы маманы Саягүл Қабиева мұражай қорындағы жергілікті қаламгерлер Әбу Сәрсенбаев, Тұрар Құрманғалиев, Сәбит Қасымов, Нәубет Көшекбаев, Мұхамедкәрім Хасан, Марат Ысқақ, Рахмет Иманғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Рахымжан Отарбаев, Өмірзақ Қажымғалиев, Таңатар Дәрелов, Нұрлығайын Нұғманов, Асқар Ғұмаров, Жұмақай Ғұмаров, Есмұхан Жанизин, Қанат Ғұмаровтың кітаптарына «Қиялға қалам ұрған қаламгерлер» атты библиографикалық  шолу жасады.

Қазақстан Гуманитарлық ғалымдар академиясының академигі, Атырау облысының  және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының, Құрманғазы аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиев: – Қазақ тілі сөзге байлығы жағынан көп тілдерден жоғары тұр. 400 мыңның үстінде сөздік қоры бар. Дүние жүзі тілдерінің бестігіне кіреді. Біз қазақ тілінің нәрін Абайдан, Мәшһүр Жүсіптен, ең шұрайлысын Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтан байқаймыз. Одан кейін қазақ әдебиетінің классиктерін, Мұхтардың, Сәбиттің, Ғабиттің тілі мүлдем өзгеше. Себебі, ол кезде, Кеңес заманында  қазақтың ұлылығын, даналығын дәріптейтін  бір артық сөз айтса басы кетеді. Сондықтан тіліміз құлашын жаза алмай, қысылған халге түсті. Қазір, Тәуелсіздік алғалы тіліміз  дамып келеді. Енді, ана тілімізді қадірлеп, құрмет тұтайық, – деп көркем шығармалар ойландыратындай болып жазылуы керектігін, балалар кітапты көбірек оқулары қажеттігін айтты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысының ардақты ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов: – Қадыр Мырза Әли: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте», дейді. Қазақша жақсы, шешен, оралымды тілмен сөйлеуіміз, тіл  құдыретін  білуіміз керек. Тіл ғылымының негізін қалаған Ахмет Байтұрсыновты біз  жақсы білуге тиіспіз. Ол кісі өмірінде еш қызық көрмей кеткен адам. Халқының жарқын болашағы, қараңғылықта надан болып қалмауы, сауатты ұлтқа  айналуы үшін еңбек етті. Сауаттылықты балалардан бастау керек деген ұстанымда болды. Сондықтан, 1910 жылы қазақтың әліппесін құрастырды, – деп, осы еңбегін ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсыновтың туған күні 5-ші қыркүйекті – Қазақстан халықтарының тілдері күні ретінде атап өтуді белгілегенін жеткізді.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, өлке тарихын зерттеуші, аудан энциклопедиясының бірнеше шығарылымының авторы Асқар Ғұмаров: – Дүкенге барып сіреңке  сұрасам жас дүкенші бетімен түсінбей қарайды. «Оттық беріңіз», десем, оны да ұқпайды. «Не сұрап тұрсыз?» деген соң  сіреңкені  көрсетсем: «Туу, аға қызық екенсіз ғой, бағанадан бері «спичка», деп қазақша айтпайсыз ба» дейді. Қазір көп айтылатын: «Отырық, жүрік, тұрық, жатырық» деген сөз көңіліме қонбайды. «Отырмыз, жүрміз, тұрмыз» деуге болады ғой. Осындайдан сақтаныңыздар, – деп ана тілімізді бұрмаламауға  мән беру қажеттігіне назар аудартты. 

Соңында қаламгерлер қатысып отырған Абай орта мектебінің тарихшысы Ғалия Жағыпарова мен оқушылар  тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Қанат Зарлыханұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521