Қайырымдылық жасаудан жалықпаған ұжым

(0 Votes)

Қазақ  жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Қайырымдылық қонақжай  халқымыздың қанында бар. Басқаға қамқор көзбен қарап, қол ұшын беруге әзір тұратын атымтай жомарттар арамыздан табылады. Алайда, өзі бір жалақыға қарап отырып, басқаның қамын ойлау үлкен адамгершіліктің белгісі.

Осындай асыл қасиетті бойына сіңірген Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 4 жыл бойы үзбестен аз қамтылған отбасыларын қамқорлап, көмек қолын созудан шет қалған емес.

Әрине, полиция қызметкері атану оңай жұмыс емес. Уақытпен санаспай жүреді, түн ұйқысын төрт бөліп қылмыскерлердің соңына түседі, бастарын қатерге тігіп ел тыныштығын, қоғам мен азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олардың өз жалақыларынан ақша бөліп аз қамтылған отбасылары мен көмекке мұқтаж адамдарды қамқорлап жүргенін біріміз білсек, біріміз білмейміз.

2020 жылы 31 желтоқсанда Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы ұйымдасып, Жаңа жыл қарсаңында Жаңаталап ауылдық округі Күйген ауылының тұрғыны аз қамтылған отбасының үйіне табиғи газ құбырын кіргізіп, жылу жүйесін тартып берді. Бұл отбасы екеуі бірдей жұмыссыз, үлкен қызы жақында ота жасатып келген. Қақаған аязда отын теріп жағып, мәзіңкі үйінің бір бөлмесіне тығылып отырған жанұяға көмек көрсетіп, барлық жеке құрам қызметкерлері алғысқа бөленді. Ұжым көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, қарттарды аялауды, мүгедектерді қолдап-қорғауды әрбір полиция қызметкерінің адамгершілік борышы деп есептейді.

2021 жылы 5 мамырда Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері ұйымдасып, Ораза айы кезінде Мақаш ауылында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасына қайырымдылық көмек көрсетті.  2022 жылы 14 наурызда Құрманғазы аудандық полиция бөлімінде өткізілген жиналыста ауданымыз бойынша жағдайы төмен отбасыларына көмектесу туралы ұсыныс талқыланған. Қайырымдылық істерді жалғастыру туралы ұсыныстарды қызметкерлер бірауыздан қолдады. Сол жиналыста аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Махмудов Біржан Тілекқабылұлы Жұмекен ауылының тұрғыны, жағдайы төмен отбасы Екатерина Копрованың отбасына көмектесу керектігін атап өтті. Екатерина үйінде егде жастағы сырқат анасымен бірге тұрады. Балаларының алды 3 сыныпта оқыса, кенжесі небәрі - 1 жаста. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өз орталарынан қаражат жинап, үйін жөндеп, жаңадан есік-терезе орнатты. Үйдің едені болмағандықтан ағаштан еден жасап, ішке көгілдір отын кіргізіп, тамақ пісіретін газ плитасын, 1988 жылы туылған әйелдің балаларына жаңадан киім, оқу құралдарын алып берді. Сол жылы 28 желтоқсанда Құрманғазы ауданы «Мүгедектер қоғамы» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен Жаңа жылдық кештің қарсаңында «Мейірім төкші жүрекке» атты акцияға Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, мүгедек балаларға гүл шоқтарын және сыйлықтар табыс етті.

2023 жылы 23 қаңтарда аудан орталығындағы зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету орталығына Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері атынан Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы мүгедектерге қажетті құралдарды жасайтын мекемеден арнайы тапсырыспен алдырылған мүгедектерге арналған жаттықтыру аппараты сыйға тартылды. Оны табыс еткен полицейлер алдағы уақытта осы кішкентай бүлдіршіндеріміздің қиындық көрмей ауруларынан толық жазылып, өздерінің қатарынан қалмай ортаға қосылуына тілектестігін білдірді.

Ал биылғы жылы аудан орталығындағы әлеуметтік жағдайы төмен, үш бірдей баласын асырап отырған жалғызбасты анаға көмек көрсетті. Тұрғын үйіне бөлме жылытатын жылытқыш пен цифрлық спутникті Отау ТВ құрылғысымен бірге теледидарды сыйға тартты. Балаларды да қысқы киімдермен қамтамасыз етті.

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев: – «Кең болсаң, кем болмайсың» деген ғой дана бабаларымыз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі шектелгенімен, соған бола күйзеліске ұшырауына жол бермеу – белгілі бір ұйымдардың міндеті ғана емес, қоршаған ортаның, қалың бұқараның басты парызы деп білеміз. Мұқтаж жандарға әрдайым қолымыздан келгенше көмектесуді, олардың мерейін үстем ете түсуді, қолдан келгенше қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды парызымыз деп санаймыз. Алға қарай да жалғастыра береміз, – дейді.

Міне, осындай азаматтар – қоғамымыздың, еліміздің шырағы, мақтанышы. Олардың қатары көбейе берсін!

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT