Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев басқарма басшыларымен бірге ауданымызға іссапармен келіп, ауылдық округтерде құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандармен танысты. Аралауды Шортанбай ауылдық округіне қарасты Жасталап ауылында салынып жатқан медициналық пункттен бастады. Тапсырыс беруші аудандық құрылыс басқармасы болса, бас мердігер «Декор» ЖШС.
Қайрат Талапұлы жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасына, қарқындылығына назар аударды. Мердігер ұжымдардың өздеріне жүктелген міндеттерді қалай атқарып жатқандығына көңіл бөлді. Көптоғай ауылындағы медициналық пункттің құрылысымен танысып, біршама сын-ескертпелер айтты. Аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Дүйсенбайқызы салынып жатқан нысанға үнемі бақылау жүргізетінін, сапасына көңілі толмайтынын, құрылысшылардың сапасыз жүргізіп жатқан жұмысына фото-видео фиксация жасағанын, құрылыс басынан мердігерді, техникалық бақылаушыны мүлдем кездестірмейтінін жеткізіп ренішін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары өзі келіп танысқаннан кейін орын алған олқылықтарды тез арада қайтадан ретке келтіруді міндеттеді. Өйткені, мемлекет тарапынан керемет мүмкіндік беріліп шалғайдағы ауылдар қажетті әлеуметтік нысандарға қол жеткізгенде кейін оның сапасыз салынғаны үшін тұрғындар алдында жауап беретінін ескертті. Сондықтан, үнемі бақылау күшейтілетінін, салынып жатқан нысанның құрылыстағы барлық талаптары сақталып кәсіби деңгейде орындалуына мән берілетінін қаперге берді. Бұдан кейін Көптоғай ауылында бой көтергелі жатқан 300 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі болса, бас мердігер «Декор» ЖШС. Онда да аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, депутат Нұргүл Дүйсенбайқызы құрылыстың жұмысына қатысты бірқатар ескертулерін жеткізді. Қайрат Талапұлы да өз кезегінде орын алған кемшіліктерді ескертіп, нысан құрылысын уақтылы және сапалы аяқтауды талап етті.
Бөкейхан ауылдық округіне барғанда салынып жатқан мәдениет үйінің жұмысын көрді. Тапсырыс беруші – Құрманғазы ауданының құрылыс бөлімі, жауапты бас мердігер «Гранд-Мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аталған ауылдық округтегі клуб апатты жағдайда деп танылған. Бұған дейін ауыл тұрғындары округте жаңа мәдениет үйін салуды сұрап келген. Бүгінгі таңда мұнда жаңа мәдени нысан бой көтеріп, екінші қабаты өріліп, ішкі жұмыстары, яғни, едені төселіп, қабырғалары сылануда. Қажетті инертті материалдар жеткілікті.
Нысанның құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары жауапты мердігер мекемеге тиісті жұмыстарды уақтылы аяқтауды тапсырды. Болашақ өнер ордасында 300 орындық көрермендер залы, үйірме бөлмелері, 20 жаттығушыға арналған хореография залы, кітап сақтау бөлмесі мен оқырмандар залы, гримдеу бөлмесі, 36 орындық асхана қарастырылған.
Бұдан әрі, Бөкейхан және Кудряшово ауылдық округтерінде су тазарту имараты мен құбыр желілері қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қайрат Нұртаев тұрғындар үшін бірінші кезекте қажет етілетін су құбырының құрылысы ұзаққа созылғанына ренішін білдірді. Мердігер мекеме - «Болат-Д» ЖШС. Қазіргі таңда траншеялар қазылып, полиэтилинді тұрбалар салынып, қайта көму жұмыстары жүруде. Сондай-ақ темірбетонды құдықтардың шұңқырлары қазылып, орнатылды, ал су тазарту имараты орналасатын учаскенің жері тегістелуде. Жоспарға сәйкес, пайдалануға 2025 жылдың аяғында табысталады. Нысандардың құрылысы сапасын бақылауға қатысты Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысы Биғали Нариманға бірнеше тапсырмалар жүктеді.
Айнагүл Шакупова