Кадырка ауылындағы тұрғын үйлер пайдалануға берілмек

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының отырысында Кадырка ауылындағы 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің бөлінісі, кезек бойынша үміткерлердің тізімдері бекітіліп,  пәтерлердің  болашақ иелеріне олардың  жалдамалы ақы құны таныстырылды.

Комиссия отырысында аудан әкімі Марат Мурзиев көппәтерлі тұрғын үйді бөлуде барлық заңдылықтардың сақталуын, қажетті құжаттардың толық жасақталуын, үй кезегін қатаң қадағалауда ұстап, пәтерлердің әділ бөлінуін қамтамасыз етті. Құжаттармен мұқият танысқан Марат Бисенғалиұлы: – Үш қабатты үйден пәтер алудан бас тартқандардың арызы «маған кезегім келуіне байланысты пәтер беруіңізді сұраймын», деп басталып, бас тартатынымен аяқталмауы тиіс. Арызды солай жазғандар бар. Бірден қандай себеппен бас тартып отырғаны, алға қарай үй кезегінде қалар-қалмасы толық  көрсетілсін. Қандай адам, тұрмыстық жағдайы қалай бәрін анықтаңыздар. Бүгінгі технологияның   мүмкіндіктері ұшан-теңіз. Басқа жақта жүріп, арыз беруге келе алмаса арызды сол жерден жазсын да, қолын қойып, фотоға түсіріп жіберсін. Соған сәйкес  кезекті алға жылжытып, пәтер алудан бас тартушыны  берген өтініштері негізінде үй кезегінде қалдырып, баспананы одан кейін тұрған адамға ұсынайық, - деді.

Жаңадан берілгелі отырған 3 қабатты 60  көппәтерлік  үй 3 санат бойынша бөлінді. Оның біріншісі  жетім  және ата-ана қарауынсыз қалған балалар, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелет жасына жетпей ата-анасыз қалғандар. Екіншісі халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары. Үшіншісі көп балалы отбасылар. Жалпы бірінші  санат бойынша 133, екіншісі мен үшіншісінде тиісінше 427 және 159 отбасы үй кезегінде  тұр. Комиссия отырысында көп балалы ата-аналарға үш бөлмелі, мүгедектерге қолайлы болуы үшін төменгі қабаттан пәтер таңдау мүмкіндігі берілді.

Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы әрбір пәтер алушымен әңгімелесіп, құжаттарын қарап, жағдайын сұрады. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Руслан Сиражев пәтердің көлеміне қарай төленетін жалдау ақысы жайлы түсінік беріп отырды. Жалдау ақысы нарықтан төмен. Үш бөлмелісі айына 16200, екі бөлмелісі 10600 теңге. Осыдан кейін үміткердің құжаттары  комиссия мүшелеріне танысуға жолданып, олар дауыс берді. Пәтер бөлінісі әділ өтуі үшін үміткерлер  жеребе суырды. Оларға суырған жеребеде нөмірі көрсетілген пәтердің қай қабатта орналасқаны айтылып, баспаналы болуымен құттықталды. Аудан әкіміне айтар тағы қандай мәселесі бары сұралды.

e616ee5e-f744-4027-aaa2-067d914f301b

Айта кетейік, «Қайран менің өз үйім, кең сарайым боз үйім», деп Жиренше шешен айтқандай бірнеше жыл бойы пәтер жалдап қиындық дәмін татқан көп балалы ата-аналардың қуанышты жүзін көріп, біздің де жанымыз жадырады. Себебі, «Бір арманға жетсең, Тағы бірі тұрады, Арман қызыл түлкі, Адам оны қуады», деп айтылғандай олардың бір арманы көз алдымызда  орындалып жатыр ғой. Көп балалы аналардан алғашқы болып, 2016 жылдан бері үй кезегінде тұрған 6 баланың анасы Жадыра Байтақова жеребе суырды. Оған үш бөлмелі  №40 пәтер шықты. Жетім өскендер санатынан бірінші болып таңдау жасаған Карина Батыроваға екінші қабаттын 6-шы пәтер бұйырды.

Жеребе суырғанда 60 пәтерлік 3 қабатты үйдің 1-ші қабатындағы №27 жаңа пәтердің иесі атанғанына қатты қуанған ІІ топ мүгедегі Ақсұлу Үмбетәлиева: – Қуанышымды қалай жеткізуді білмей толқып кетіп жатырмын. Мен бақыттымын! Үй кезегінде 24-ші болып тұрған едім. Осыдан бірер ай бұрын аудан әкімінің қабылдауында болып баспанадан қиындық көріп жүргенімді жеткізгенмін. Сонда маған мәселемді шешуге көмектесетінін айтқан. Сөзінде тұратын, адамгершілігі мол азамат  Марат Бисенғалиұлына, бөлім басшысы Руслан ініме алғысым шексіз. Маған жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын. Барлық жағдай жасалған үйден пәтер алу екінің біріне бұйыра бермейтін қуаныш. Бірінші қабат біз сияқты адамдар үшін өте ыңғайлы. Алға қарай да еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер, - деп шын көңілден шыққан ризашылығын жеткізді.

Пәтер алушылардың ішінен балаларының сабаққа қатынауы үшін автобус шығаруды сұрағандар да бар. Аудан әкімі Марат Мурзиев аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Руслан Сиражевке осы мәселені шешуді алдағы жылы жүзеге асыру жолдарын қарастыруды тапсырды. Комиссия мүшелері үй берумен отырып, түскі тамақтан да қағылды. Бастысы кезекте тұрғындардың үлкен бір бөлігі жаңа баспанаға ие болды. Оларға  пәтер кілтін 14 желтоқсан күні салтанатты жағдайда тапсыру жоспарланып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT