Көзге көрінбейтін жаумен күрес

(0 Votes)

«Сақтансаң сақтайды» дегендей, қазіргі уақытта қауіпсіздік пен денсаулық үшін аурудың алдын алудың тигізер пайдасы болмаса зияны жоқтығын айтып жату қисынсыз.

Індет айтып келмейді, қай тұстан бас көтерерін болжау мүмкін емес. Тек санитарлық-профилактикалық іс-шараларды бұлжытпай орындау ғана істі насырға шаптырмайды. Осы жерде қарапайым халықтың аурудың таралуына жол бермеуге деген сана-сезімі оянып, үлкен қасіретке ұрынып қалмаудың жолын жете түсінгені абзал.

Салғырттыққа салынып жүрудің салдары бізде де аурудың тіркелуіне алып келді. Бүгінгі таңда 68 адам қауіпті дертті жұқтырды. Жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде қазір аудандағы жағдай бірқалыпты және үнемі бақылауда. Алда да солай болса екен дейміз. Коронавирустық инфекция елімізге ену қаупі туындаған сәттен-ақ онымен күреске лезде кіріскендердің бірі - ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі бақылау комитеті «Ұлттық сараптама орталығының» Құрманғазы аудандық бөлімшесі. Әлемді жайлаған індеттің алдын алу және таралуын болдырмау бағытында арнайы дезинфекциялық бригада құрылып, өз жұмысын бастады. Алдымен «Құрманғазы» шекаралық өткізу бекетінде кезекшілік қойылып, ел аумағына кіретін автокөліктер, жолаушылар залалсыздандырылып отырылды.

i

Ақкөл ауылында ауру анықталғанда індеттің ошақтарында, дәрігерлік емханасында, жолаушылар тасымалдайтын вагонда, Ақкөл желілік өндірістік басқармасында, Қиғаш ауылындағы «Магистральдық суағызғысы» мекемесінде дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, мұндай шаралар өзге де анықталған ауру ошақтарында, провизорлық стационарда, емдеу орындарында, екі қайтыс болған адам бойынша да алынды. Топ жетекшісі Гүлмира Сабированың айтуынша осындай шаралар 43 COVID-19 анықталғандардың үй-жайларында да атқарылып, 13 рет шұғыл профилактикамен бірқатар нысандарда болыпты.

i

– Топтың құрамында өзімнен басқа дезинфекторлар Гүлназым Телеуғалиева, Саягүл Шахимова және автокөлік жүргізушісі Бекболат Айтжанов бар. Әрқайсысымыздың атқарар қызметіміз бөлініп берілген, дезинфекторлар қажетті дәрілік сұйықтықтар дайындаса, жүргізуші арнайы бүріккіш құралдың моторын от алдыруға сақадай сай етіп қояды. Дабыл түскен бойда оқиғаның орнына дереу жетіп, жұмысқа кірісіп кетеміз. Жұмыстың көп ауыртпалығы салмағы 30 келілік аппаратты иыққа іліп алып дәрі шашатын Бекболат ағамызға түседі. Ешқандай санасуды, жұмыстан бас тартуды білмейтін ақжелең азамат. Жастар жағы қиынсынатын жұмысты еш өкпе-ренішсіз мінсіз атқарады. Бар тілегіміз аурудың жаңа ошағы табылмай, күніміз тыныш өтсе екен деп отырамыз. Оның орнына өзіміздің жоспарлы жұмыстарымызбен айналыссақ дейміз. Қауіпті жағдайдың дерегі түссе күн-түн демей сөз жоқ атқа қонамыз, - дейді ол сіз бен біз біле бермейтін көзге көрінбейтін жаумен күрес жайынан аз-кем хабардар етіп.

i

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT