Көз алдыда көліміз құрып барады

(0 Votes)

Дина Нұрпейісова теміржол бекеті мен төртінші жолайрығының  арқа жағындағы аралықта он екі көл бар. Олардың ортақ атауы Жыңғылды көл. 

Кезінде осы маңда қалың ел қоныстанып, Қараөзек селолық советіне қарасты Жыңғылды бастауыш мектебі де болды. Сол мектепте оқығандардың бірі мен едім. Көктемгі өр суы тасығанда сол көлдер молайып, сай-жылғаларға құйып, сонау Азау құмына барып бір тірелетін. Көлдерде қамыс-қоға өсіп, айналасы ну жыңғылдармен көмкеріліп жататын. Айдынында балық шоршыған, бетіне құс атаулы қаптап қонған, жағасында түлкі-қарсақ, қабан жүгірген табиғаты әсем өлкелердің бірі еді. Мал ұстауға да таптырмайтын құтты қоныс болатын. Бұл 30-40 жыл бұрынғы көрініс, қазірде мұндай сұлулықты көзіңе де елестете алмайсың. Көлдердің суы әбден тартылып, танабы кеуіп, сорға айналғалы қашан?! Қалған су да мал-жанға қауіпті ми батпақ болып барады. Шөлдеген мал батпаққа батып, батылы жетпегендер Қиғаштан су ішпекке ағылып пойыздарға басылып жатыр.

Бір кездері осындай сулы да нулы болған мекеннің азып-тозуына өзін реттеп, толтырып отыратын табиғат-ананың еш кінәсі жоқ деген ойдамын. Мұның бәрі адамның қолымен жасалған қарекеттер екенін баса айтқым келеді.  Соғыс уақытында басталып, алпысыншы жылдардың соңында құрылысы біткен Астрахан-Атырау теміржол бойында осы екі бекеттің арасында әбден ойластырылып, 6 су өтетін көпір қалдырылған. Тасыған су өзінің көлтабандарына еш кедергісіз жетіп отыратын. Ал соңғы  кездердегі адамдардың тірлігіне қарап тұрып қарның ашиды. Кім көрінген ешкіммен ақылдаспай өз беттерінше жыраларды бөгеп, су жолына тар тұрбаларды тастай салады, кейбірінде ол да жоқ. Бірі қожалығына қатынас үшін бітесе, енді бірі сай-салаға толған су балаларға қауіпті дейді. Бұл іске кейінгі кездері шекарашыларды өз «үлестерін» қосыпты. Олардың ойларынша жыра-жыра жолдар шекарадан заңсыз өткендерді құрықтауға кедергісін келтіретін көрінеді.  Айналып келгенде табиғатқа едәуір нұқсан келтіріп жатқандарын түсінбейді. Өз көзіммен көрдім жыра бойымен жөңкіген су тар тұрбадан өтіп үлгере алмай жатыр.

Көктемде келетін өр суы жай су емес, онымен балық атаулы уылдырық шашуға шығады. Жайылмалардағы табиғи ортада көбею амалдарын жасайды, біраз уақыттан соң шабақ өсіп-өнеді. Табиғат алдындағы борышын өтегеннен кейін айдынына қайтады. Олардың орта жолда бөгеліп қалмауының қамы жасалуы керек. Ал су қайта бастағанда шабақтар да кең айдынға түсуі қажет. Ал бізде қалай, балық байғұс су келгенде тар тұрбаға кептеліп бір қиналса, қайтарда айдынынан адасып айдалада өледі. Мұның бәрі адамдардың немқұрайдылығының салдары, су өткізгіш тұрбаларды талапқа сай, жер ерекшелігін ескермей салуларынан болып жататын жағдай. Осының салдарынан көлдерге су құйып жарымайды, бөгелген су бұрынғы көлтабандарға емес басқа сай-саланы қуалап кете барады. Біз Ресей су бермейді деп судың бастауында отырғандарға өкпеміз қара қазандай болады, келіп тұрған көп судың осылай көлдерге құйылуына қолдан кедергі жасаймыз. Балық азайды деп байбалам саламыз, ал өзіміз оны өз қолымызбен құруға жұмыстанамыз. Осы мәселені өткен жылы бір депутатқа айтқанмын, мамыр айының басында аудан әкімі кездесуге келгенде де көтердім. Жанайқайымды естір құлақтың бәріне айтып келемін, «сізге не керек, не шаруаңыз бар айдаладағы көлде» деп күстаналайтындар да бар. «Иә, иә» деп бас шұлғып, сөзіммен келіскендей кейіп танытып, айнала беріп бәрін ұмыта салатындар да жетеді. Көз алдымда көлім құрып, өскен жерім құлазып бара жатқасын жаным ашығаннан ғана айтамын. Әйтпесе, жүйкемді тоздырып, әркіммен жаманатты болып нем бар еді?! Бізден кейін де сан ұрпақ келетінін ойланайықшы, ағайын!

Хажеден СҰЛТАНОВ,

Қиғаш ауылы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT