Қызмет қылған халыққа...

(0 Votes)

Мемлекеттік қызметші - халық пен билік арасын жалғап тұратын тұлға.

 Сондықтан жалпы қоғам үшін сапалы қызмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің абыройлы борышы іспетті. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл қызметті ауданымызда Сабрияева Ақсұңқар Батырханқызы мүлтіксіз атқарып жүр. Өмір дерегіне көз жүгіртсек, ол 1970 жылы 5 қазанда Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Жасталап селосында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келді. Әкесі Память Ильича колхозында балықшы, анасы жұмысшы болып, он екі баланы ешкімнен кем қылмай қатарға қосады. Ақсұңқар Батырханқызы он екі баланың тоғызыншысы болып тәрбиеленді.

1988-1990 жылдар аралығында Талдықорған заң техникумында “Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі правотану мен есеп” мамандығы бойынша білім алды, біліктілігі – заңгер, үздік белгімен бітірді. 2004-2007 жж. Орталық Азия университетінің сырттай бөлімінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білімін жетілдірді.

1990-1992 жж. облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының жолдамасымен Эмбі аудандық элеуметтік қамсыздандыру бөлімінде инспектор болып еңбек жолын бастады. 1992-1999 жж. Теңіз аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде инспектор, 1999-2000 жж. І санатты маман, 2000-2005 жж. Құрманғазы аудандық еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдараламалар бөлімінде маман, 2005–2017 жж. Құрманғазы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдараламалар бөлімінде бас маман болып жұмыс жасады. 2017 жылдың тамыз айынан бері Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызмет) бөлімінде бас маман болып еңбек етеді.

Кейіпкеріміз жұмысында білгір маман ретінде сыйлы болса, отбасында береке бастаушысы, аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Ғалымжан Малдыбаев - Құрманғазы обаға қарсы бөлімшесінде көлік жүргізушісі. Алланың берген төрт перзентін түзу тәрбиеге қанықтырып өсірді. Қыздарының бірі - жеке кәсіпкер, бірі - Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде мұғалім, бірі - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің төртінші курс студенті. Ұлы - Абай атындағы орта мектебінің оқушысы.

Мемлекеттік қызметтегі отыз жылдан астам уақыт ішінде біраз жетістіктерге де жетіп үлгерді. 2007 және 2013 жылы Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің Алғыс хатын, 2011, 2013, 2016 жылы Аудан әкімінің Алғыс хатын, 2011 және 2016 жылы Құрманғазы ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Мадақтама Грамотасы мен Алғыс хатын, сондай-ақ, 2016 жылы Аудандық маслихат хатшысының Құрмет граммотасы мен 2019 жыл Атырау облыс әкімнің Алғыс хатын еншіледі. 2012 жылы Аудан әкімінің “Үздік әлеуметтік сала қызметкері” атағын жеңіп алды.

-Мемлекеттік қызметші елдің айнасы секілді. Оның ар-ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халыққа адал қызмет етуді басты міндетім деп есептеймін. Қандай жағдайда да тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу маңызды. Нақты айтар болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, елдің атын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – жауапты міндет,-дейді Ақсұңқар Батырханқызы.

Тәуелсіз Қазақстанның 32 жыл тарихы мемлекеттің дамуы мен өркендеуі блікті мемлекеттік қызметтің негізінде ғана мүмкін екенін дәлелдеп келеді. «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» демекші, сәт санап дамып жатқан елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптар да күшеюде. Барлық қиындықтар мен өзгерістерге шыдап, халықтың сұраныстарына біліктілікпен, біліммен, тәжірибемен жауап беру оңай емес. «Елге қызмет ету - мінезден» деген еді ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханов. Ендеше, ел мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қоятын Ақсұңқар Батырханқызындай өз жұмысының нағыз майталмандары көбейе берсін демекпіз!

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521