Қылмыспен күрес – ортақ жұмыс

(0 Votes)

Аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы» тақырыбында ведомствоаралық кеңес өтті.

Кеңес жұмысына аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудандық полиция, пробация, прокуратура органдарының қызметкерлері, округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты. Аудан прокуроры Магилан Рахимов кеңестің күн тәртібімен таныстырып, қылмыстық құқық бұзушылық, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар, жол-көлік оқиғалары және пробацияда есепте тұрған сотталғандардың тарапынан қайталап қылмыс жасаудың себептері талқыланып, олардың алдын алу бағытындағы мәселелер қозғалатынын жеткізді.

Күн тәртібіндегі мәселелерге орай аудан прокуратурасының прокурорлары Жұмат Тасқалиев, Ержан Иманғазиев, аудан прокурорының орынбасары Аянбек Сүйінәлиевтің баяндамалары тыңдалды.

Баяндамашылардың айтуынша үстіміздегі жылдың 9 айында қылмыстылық – 19,2%, оның ішінде қылмыс – 15,9%, теріс қылық – 37,5%-ға төмендеген. Бірақ, мал ұрлығы 3-тен 6, көліктегі қылмыстық құқық бұзушылық 7-ден 10, жол-көлік оқиғалары 2-ден 7, экологиялық қылмыстар 4-тен 13 фактіге өскен. Ұрлық 36-дан 21-ге, алаяқтық 24-тен 18-ге, есірткі қылмыстары 6-дан 4-ке төмендеген, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, тонау орын алмаған. Аталған қылмыстардың 52-сі ер, 4-і әйел адамдармен жасалған. Ең көп қылмыс Құрманғазы (30), Еңбекші, Мақаш (8), Орлы (6) ауылдық округтерінде тіркелген. Азғыр, Бөкейхан, Көптоғай, Сафон, Шортанбай ауылдары қылмыстан ада. Кәмелетке толмағандармен 9 айда 7 қылмыс жасалып отыр. Бұл қылмыстар негізінен бөтеннің мүлкін ұрлау. 8 жазатайым оқиға орын алып, оның 5-і өліммен (суға кету) аяқталған. Ал, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны-4. Пробация есебінде тұрған сотталғандар тарапынан қайталап қылмыс жасау бойынша 5 дерек келтірілді. Оның 3-і ауыр, 1-і орташа, 1-і онша ауыр емес қылмыс. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Талғат Исаев қосымша хабарлама жасады.

Баяндамалар тыңдалғаннан кейін аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы ауылдарды түнгі аралауы барысында беймезгіл уақытта көшеде жасөспірімдер жүргенін, кейбір ауылдық округтерде олардың көлік басқарғанын жеткізіп, қатысып отырған учаскелік полиция инспекторларынан қандай шаралар алынып жатырғанын сұрады. Кейбір сұрақтарға берілген жауапты аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев толықтырды. Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектеміров өз тарапынан келтірілген мәліметтер бойынша пікірін ортаға салды.

Кеңесті жүргізген аудан прокуроры Магилан Рахимов экологиялық қылмыстың, яғни, балық заңсыз балық аулаудың 10 фактісінің 8-ін полиция қызметкерлері ашқанын, 2-сін балық қорғау инспекциясы анықтағанын жеткізді. Сол сияқты аудандық пробация қызметінің жұмысына да сын айтты. Соңында кеңесті қорытындылап, қылмыспен күрес ортақ міндет екенін, бір ғана полиция қызметкерлерінің мойынына жүктеп қоймай, оған халықты, округ әкімдерін, ақпарат құралдарын да тарту қажеттігін қаперге берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT