«Кәусардан» көбі үлгі алса...

(3 Votes)

Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 12 қазандағы № 67 Қаулысы шыққан болатын. Онда облыс аумағында белгіленген күннен бастап COVID-19 - дың эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанғанға дейін шектеу шаралары ұзартылатыны мәлімденген.

Аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ өз жұмысын жандандырып, коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында кезекті рейдке шықты.

img_4670

Топ мүшелері орталықтағы бірқатар сауда нысандары, дәріханалар, қоғамдық тамақтану орындарын аралап, санитарлық талаптардың орындалуын тексерді. Сауда нүктелерінің көпшілігіндегі ортақ кемшілік: есіктің кіре берісінде антисептик құралы, инфрақызыл маңдай термометрінің қойылмауы, тұтынушылардың ара қашықтықты сақтамауы болды. Сондай-ақ, жабық алаңдарда бетперде тақпау да – денсаулыққа тіптен немқұрайлы қараудың анық дәлелі іспетті көзге өте оғаш көрінді. Тұтынушылардан бөлек, қызметкерлердің өзі бетпердесіз халықпен қарым-қатынас жасауы «Құралай», «Жайнар» сауда нысандарында, «Серпер 2» ЖШС-нде кездесті. Жаңа Қаулымен танысу парағына қолдарын қойған нысан басшыларына сақтану шараларын күшейту тапсырылды. Оған қоса дезинфекциялық өткелдердің «көзбояушылық» үшін тұрмауы қажеттігі, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмыс жасау уақыты 17.00-ге дейін қысқартылғаны, сенбі-жексенбі күндері жабылатыны ескертілді.

img_4685

Дәріханалар да назардан тыс қалмады. Бүгінде індеттің асқынған тұсында сұранысқа ие болған дәрілердің қоры сақтаулы екен, шекті бағаларынан аспаған. Қоғамдық тамақтану орындарының да қаншалықты деңгейде тәртіпке бас ұрғандары анықталды. Аралаған орындардың ішіндегі «ең үлгілісі» деп жеке кәсіпкер Ерболат Тыныштықовтың «Кәусар» шәйханасы танылды. Шәйхана іші тап-таза, бетпердесін киген қызметкерлер, Қаулыға сәйкес бір столға 4 орындық қана қойылған. Топ мүшелері өзге кәсіпкерлер аталмыш жерге қарап, «бой түзесе» деген тілектерін жеткізді. Алдағы күнде рейд шарасы жалғасын табады.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521