Кәсіпкерлікте көш ілгері жүрді

(0 Votes)

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жергілікті әкімдіктерге қойылып отырған бірінші талап – кәсіпкерлікті дамытып, жұмыс орындарын көптеп ашу, жергілікті салық базасын ұлғайту.

Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуда бірқатар шаралар атқарылуда. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да бар. Орта және шағын бизнестің дамуы бағытында түрлі бағдарламалар іске қосылып, нәтижесін беруде. Яғни, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюі жұмыссыздық мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп келеді. Аяғынан қаз тұрған жас мемлекетіміздің нығая түсуіне осы кәсіпкерлік саланың қосқан үлесі орасан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тыңнан түрен салып жаңадан іс бастағандар некен-саяқ болатын. Тәуекелге бел буып, кәсіпкерліктің туын алғаш көтергендердің бірі де бірегейі Әбдібек Бисенов десек аса қателесе қоймаспыз.

Ол құрған «Құралай» корпорациясының құрамында 3 шаруа қожалығы, 11 жеке кәсіпкер, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 өндірістік кооператив кірді. Кезінде одаққа танылған «Қызыл таң» ұжымшары мен Шортанбай балық зауытының ізінде құрылған «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінің балық өнімдері алысты-жақынды шет елдерге шығырылып, атағы алыстарға жетті. Республикалық «Қараөткел-2011» жәрмеңкесіне қатысқан 15 кәсіпорынның ішінен дара шығып алтын медальды иеленді. Тұздалып кептірілген, ысталған қарапайым балық өнімімен қатар, шортан уылдырығына, вакуумдық қораптағы бөлшектелген бірнеше балық түріне, «Қуат» атты құты балықтан жасалған котлетіне, фарш, филе түріндегі жартылай фабрикаттарға, балық ұнына халықаралық ИСО стандарты берілді. Мұндағы балық өңдейтін өндірістік құрал-жабдықтардың дені Германия, Италия, Жапония сияқты апдыңғы қатарлы алпауыт елдерден әкелініп орнатылды. Заманауи озық үлгідегі технологиямен дайындалған өнімдерге сұраныс артып, сапалы өнім одақтас елдермен бірге Еуропа асып жатты.

Еліміздің азық-түлік белдеуін қалыптастыруға атсалысып, 3 бірдей инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Орлыдан жылына 112 тонна егін өнімін дайындайтын жылыжай кешені, 300 бас мал бордақылау алаңы, Котяевтен жылына 1000 тонна балық өнімдерін өңдейтін зауыт салынды.  Ырыс-құтын әкелген «Құралай» атауымен нан тағамы комбинаты, ағаш бұйымдарын шығаратын цех, жанар-жағармай стансалары, супермаркет, сауда орталығы, азық-түлік көтерме сауда орыны, құрылыс материалдарын, электроника тауарларын сататын дүкендер, мейрамхана, қонақ үй салынды. Ақкөл ауылынан «Талап» кірпіш зауыты, Теңіз ауылынан ұсақталған қамыстан пресстеліп дайындалған тақта цехы іске берілді.  2000-ыншы жылдардың тоғысында сан алуан өнімдер шығаратын «Құралай» корпорациясы бүкіл республикаға танылды. Жалпы мұндағы жұмыстарға 4000-нан астам ауыл адамдары тартылды. Корпорацияның президенті Әбдібек Талапұлы Бисенов мемлекетіміздің тауар өндірушілеріне берілетін «Алтын сапа» белгісін иемденді.

Ол тек кәсіпкерлікпен шұғылданып қоймай тұтастай ауылдың әлеуметтік жағдайына, тұрмысы төмен отбасылардың мәслесіне жан ауыртып, көмек қолын созған жомарт жүрек елжанды азамат. Корпорацияға қарасты ұжым мүшелерінің жұмыссыз қалмауын қадағалап отырды. Әлемді жайлаған қаржы дағдарысы кезінде де ауылдастарының күнкөріссіз қалмауының қолдан келер бар қамын жасады. Университет және колледждерде оқитын балаларының оқуақысының 50 пайызын мекеме есебінен төлеп отыруды қолға алды. Қысы-жазы айдын бетін шиырлап, су маржанын тереңнен теретін мұзбалақ балықшыларды маусымаралық үзілісте курорт, санаторийлерге жіберіп, денсаулықтарын түзетуге атсалысты.  Мал ұстайтын тұрғындардың қыстық жем-шөбін дайындауына жәрдемдесіп отырды. Соған сай ауылдастары аттай қалап облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлап алды. Әділдікті ту еткен турашыл азамат бас шұлғи беретін көптің бірі емес, нағыз халықтың жоғын жоқтайтын, мұңын мұңдайтын депутат ретінде есте қалды. Белсенділігімен танылған халық қалаулысы  облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі бола жүріп талай тағдырлар таразыға түскенде өзінің жоғары ар-ұжданымен араласып, әділдік таныта білді.  

Оның кәсіпкерлік саладағы қажырлы еңбегі еленіп, түрлі марапат-мадақтауға ие болды. 2002 жылы «Кәсіпкер-2002», 2007 жылы облыстың «Үздік кәсіпкері», 2008 жылы облыстың «Жыл кәсіпкері», 2010 жылы Құрманғазы ауданы бойынша «Жыл адамы» атақтарының иегері атанды. Өңірін мемлекеттің жоғары наградалардың бірі - «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерейтойлық медалі, «Қазақстан Республикасына 10 жыл» төсбелгісі  жарастырды. Бұл күнде атағы алыстарға жеткен «Құралай» корпорациясы сәл ықшамдалғанымен кәсіпкерліктің көкжиегінен кете қойған жоқ. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітуге қосқан үлесі зор болғандықтан бұл ұжымның еселі еңбегі ел жадынан өшпек емес. Ал, үнемі ізденіс, ілгерілеу үстінде жүретін Әбдібек Талапұлы тағы да тың идеяларды тудырып, Атырау қаласынан түрлі-түсті кірпіш шығаратын «Сән тас» зауытын ашып, бәсекелестің ортаға қайтадан кірді де кетті. Қадамыңызға сәттілік, кәсіпкерлікте көш ілгері жүретін саңлағым. Тәуелсіз елдің көгінде жарқырап, әлі талай биіктерді бағындыра ергейсіз!

 

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT