Қазір – «алма піс, аузыма түс» деп, ешқандай қарекетсіз қарын тойдырудың қамын ойлайтын заман емес. Абайша айтқанда, «адам өзіне, өзін қай қиындықтан да алып шығар ақылы мен еңбегіне сенер» кезең.
Елімізде «мен болайын» деп батыл қадам басқысы келетіндерге мүмкіндік мол, қолдау қарқынды. Оның бір дәлелі - өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатын көздейтін «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде бірқатар іс-шаралардың жүзеге асуы. Жыл сайын аталмыш бағдарлама аясында ауқымды көлемде бөлінетін мемлекеттік грантты биылғы жылы ауданымызда ұтып алған екі жеңімпаз болса, соның бірі – Жекен Ізтілеуов.
Еңбек жолын қысқаша баяндап өтсек, 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Емдеу ісі» факультетін бітірген ол ауылдық округтердегі дәрігерлік пунктте алғашқы қызметін бастайды. Кейіннен 2014 жылы «Тамақ және мұрын қуысы ауруларын емдеудегі заманауи тәсілдер» тақырыбында С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде өткен ғылыми-практикалық конференциясында «Жөтелмен бірге жүретін аурулары бар науқастарды диагностикалау және емдеу стандарттары» атты шеберлік сағатына қатысып, сертификат еншілейді. Сол жылы аудандық орталық ауруханаға дәрігер оториноларинголог болып жұмысқа орналасады. Әр бес жыл сайын біліктілігін жоғарылатып, медицинаның ең жаңашыл, алғы шептегі технологияларын жетік меңгерген білікті маман республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізген. Алайда, ең басты кезекте мақтау-марапат емес дейді ақ халатты абзал жан. Анығында, ол үшін алдына келген әрбір адамның ауруынан айығып, алғысын жаудырғанынан артық жан рахаты жоқ екен.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында аудан орталығындағы «Темірлан» сауда үйінен ашқан оториноларингологиялық кабинеті – үздіксіз жиған білімі мен мол тәжірбиесінің жемісі десек қателеспейміз. Ойға алған ісінің орайын тауып кетуіне тілеулестік білдіріп, бағыт-бағдар беруде Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Б.Ғазизов пен аудандық орталық аурухананың директоры Г.Мүтиева және Н.Төлепов бастаған аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің қызметкерлерінің үлесі зор болғанын үлкен ризашылықпен айтады Ж.Сәкенұлы. Аз ғана уақыттың ішінде жоғарыда аталған бағдарлама бойынша берілген қаржыны толығымен игеріп, жеке кабинет жалдап, оны қажетті құрал-жабдықтардың көп бөлігімен қамтып үлгеріпті. «Қалауын тапсаң, қар жанады» демекші, орталық аудандық ауруханадағы жауапты жұмысынан босай салысымен, күннің қарайғанына қарамастан, жеке кабинетіндегі қызметіне асығады қайтпас қажыр иесі.
Бұл оториноларингология кабинетінде түрлі ЛОР-аурулары кезінде көрсетілетін амбулаторлық-емханалық көмектің толық көлемі көрсетіледі. Жерлестерінің ауруына опа іздеуге алыстағы облыс орталығына аттанбай-ақ, жақыннан емделуіне жағдай жасаған маман қаражаттың да қалта көтерліктей болуына көңіл бөліпті. Яғни, кез келген ЛОР-патологиясы бар ересектердің ем қабылдауы – 3 мың, ал балаларға – 2 мың теңге шамасында. Бүгінде он жылға жуық қызмет барысында талайдың ауру себебіне қанық болған өз ісінің білгірі: - Күніне кем дегенде 10 шақты емделушіні қабылдаймын. Оның көбісі – балалар. Өлкеміз су асты маржандарына бай ғой, бүлдіршіндердің біразы тамағына қадалған тікеннен арылуға келеді. Оған қоса, әсіресе жастар жағы құлаққаппен әуендерді сағаттап тыңдауға бар, қақаған аязда бас киімсіз жүреді. Сән қуған қыздарымыз мұрындағы қылшықты тамырымен жұлуға әуес. Адам өмірі үшін маңызды тамырлар орналасқан бұл мүшелер миға тым жақын болғандықтан, денсаулықтың қадірін білмеу, өзім білдікке салынудың салдары өкінішке әкеп соғады»,-дейді шын жанашырлық ниетпен. Бастаған ісін тастамай, оның өрісін кеңейтуге арналған көптеген мақсат-жоспарын да тілге тиек етті кейіпкеріміз. Ендеше, біз де дарынды дәрігер әрі жас кәсіпкерге бұл өмірдің алыңыз мың белесін, ардың түсі – ақ халат кірлемесін демекпіз!
Еркеназ Қалижан