Биылғы Құрбан айт мерекесі ауданымыздың көлемінде ерекше аталуда.
Мұнда Ұлық мерекенің мәні мен маңызын, оның ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі екенін, имандылық пен инабаттылыққа, қамқорлық пен қайырымдылыққа, өзара жақсы қарым-қатынас пен сыйластыққа үндейтінін жақсы түсінген жастарымыздың рөлі зор. Бұрынғы бабаларымыз айтшылап қыдырып жүрсе, бүгінде тек мал сойылып, етін таратумен шектеліп келдік. Әлбетте, игіліктің ерте-кеші жоқ, олқылықтың орынын толтыруға болады. Мұны Құрылысшылар ауылының азаматтары өз ісімен көрсетті.
Айт күні Құрылысшылар ауылында бірігіп үлкен шара ұйымдастырды. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер», дегендей, ақ шаңқын киіз үй тігіліп,үлкендерге ас беріліп, ақсақалдардың ақ батасы алынды. Киіз үй маңында спорттың 5 түрінен жарыстар өтті.
Жастар қазақша күрес, волейбол, арқан тартысу, кір тасын көтеру және садақ атудан жарысқа түсіп, бақтарын сынады.
Құрылысшылар ауылында айт мерекесі мұндай деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар алға қарай мұны дәстүрге айналдырмақ ниетте. Осылайша, жылда бір келетін мерекеде тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.