Ауданымызға гастрольдік сапармен Алматы қаласынан әнші, ақын-сазгер Гүлжанат Мұхамеджан және оның шашбауын көтеріп өнер жолында бірге жүрген достары келіп, «Құрметтім» атты шығармашылық кешін өткізді.
Алдымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған концерт кейін Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Шараның шымылдығы Дәулеткерей атындағы музыка мектебінің «Ақ Жайық» фольклорлық ансамбілінің күйлерімен ашылды. Одан кейін кеш қонағы Гүлжанат Мұхамеджан өз репертуарындағы жаңа әндерін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Кеште Хиуаз ауылының тумасы, Дәулеткерей атындағы музыка мектебінің түлегі, бүгінде Алматы қаласында өнерін шыңдап жүрген дәстүрлі әнші, термеші Гүлжайна Ғибатоллақызы өнер көрсетті.
Туған жеріне деген ыстық ілтипатын білдіріп, ата-анасын сахна төріне алып, құрмет көрсетті. Кеш барысында Гүлжанат пен Гүлжайна дуэт болып бірге ән шырқап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айнагүл Күнұзаққызы