Құрманғазылықтарға "Харекет" қоры 57-ші үйді табыстады

(0 Votes)

«Қайран менің өз үйім, кең сарайым, боз үйім» деген ғой Жиренше шешен өзінің ескі үйінде ұзыннан созылып жатып. Сол айтқандай басыңда баспанаң болғанға не жетсін?!

Қазіргідей тұрғын үй бағасы ақша бұлттардан асып тұрған заманда баспана сатып алуға екінің бірінің жағдайы тартпайды. Үй салатын құрылыс материалдарының бағасы да маңайына жуытпайды, көп адамдарға қол жетімді емес. Бірнеше баласымен пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрген отбасылары қаншама?! Олардың ішінде пәтерақысын әрең төлеп отырған, тапқаны ішім-жемінен, балаларының киім-кешегінен ауыспайтын көп балалы аналар да жеткілікті. Сондайда оларға көмек қолын созатын мейірімді адамдар болғаны қандай жақсы.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын», демей ме халқымыз. «Харакет» қайырымдылық қоры құрылғаннан бері көп балалы, аз қамтылған, баспанаға мұқтаж болып жүрген адамдарды қамқорлаумен келеді. Халықтан жиналған қаражатқа үй алып беріп, талай отбасын үлкен қуанышқа кенелтті. Бүгінде олар армандаған жайлы баспанаға қол жеткізіп, ел қатарлы ғұмыр кешуде. Қор жақында ғана «Еңбекке құрмет» акциясын өткізіп, соның аясында облысымыз бойынша 7 отбасына үй сыйлады. Оның ішінде Ақкөл ауылдық округінің тұрғыны, 3 баланың анасы Мөлдір Тастанбекова да бар. Оған дейін Жапырық ауылында тұратын, 8 баласын жалғыз асырап отырған ананың мұңына құлақ асып, баспана сатып әперген еді.

– Қазанның 17-ші жұлдызында «Харакет» қорының құрылғанына 6 жыл толады. Соған дейін облысымыз бойынша 1000 отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Күні бүгінге дейін 972-ші үйді табыстадық. Құрманғазы ауданы бойынша 57-ші үйді сыйладық. Алға қарай Хиуазда, Бірлікте тағы да үш отбасын бір мезгілде жаңа үймен қамту жоспарымызда бар. Бүгінде ауданымызда қордың 20 шақты еріктілері жұмыс жасаймыз. Бізге үнемі көмек қолын созып, қоныс тойын өткізуге атсалысып жүрген Самат Айдарәлиев, Бекес Сәрсенғалиев, Ербол Нұғыманов, Бақтылы Махмудова және басқа да жеке кәсіпкерлерге, Мөлдір ханымның баспаналы болуына ықпалын тигізген Ақкөл ауылдық округінің әкімі Әлімбай Әбдірахманға шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – дейді «Харакет» қорының өкілі Ақмарал Касимова.

Мұқтаж жандардың мүддесін қара басынан жоғары қойып жұмыс жасап жүрген осындай үлкен жүректі, кең пейілді, тұла бойларына тектілік пен мейірім тұнған жандарға жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын дейміз.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT