Құрманғазылықтар жерлес ақынға құрмет көрсетті

(0 Votes)

Қай кезде де, қандай қоғамда да қазақтың қасиетті қара өлеңімен елдің мұңын мұңдаған ақындарға құрметі ерекше болды.

Осы ретте ақынды табиғат-тағдыр бойына ерекше қасиет дарытқан ғажап құбылыс десек қателеспейміз. Ежелден ақындар мен күйшілердің отаны болған Теңіз топырағы көмейіне кестелі сөз ұялатқан шайырларға кенде болған емес. Құйқалы өңірде туылып, сөз өнері көгінде қалықтаған аузы дуалы ақындарымыздың есімдерін тізбелеп жату артық болар. Сол айтулы топтың алдыңғы қатарында өлкемізге белгілі ақын, журналист Нұрым Ерғалиевтің шоқтығы биік тұрары анық.

Жастайынан киелі сөз құдіретіне ден қойған Нұрым Тельманұлы Азғырдың, соның ішінде Сүйіндіктің төл тумасы. Бір басына жетерлік атақ-даңқы, марапат-мадақтары бар. С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы мемлекеттік ұлттық унивеситеттің түлегі. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы. Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың иегері, бірнеше кітаптардың авторы. Еңбек жолын кезіндегі Балықшы аудандық газетінен бастап, өзіміздің «Серпер» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Кейіннен облыстық «Атырау» газетінде ауыл шаруашылығы саласын қамтитын бөлімде еңбек етіп, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы», Исатай аудандық «Нарын таңы» газеттерінің редакторы болды. Қазіргі уақытта республикалық «Сарайшық» журналының әдеби редакторы қызметінде. Өткен сәрсенбіде өлке қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттау бағытында аудандық орталықтандырылған кітапханада ұйымдастырылған «Күрең күз» тақырыбындағы жыр кешінде ақын-журналист Нұрым Ерғалиев жырсүйер қауыммен, оқырмандармен кездесті.

Шараны кітапханашы Меңдісұлу Меңдіханқызы жүргізіп, кеш қонағы Нұрым Тельманұлын ерекше қошеметпен ортаға шақырды. Алдымен ақын туралы бейнесюжет тамашаланды.

Шығармашылық кеште алғашқы сөз алған аудан әкімі Абат Жанғалиев «елге қош келдіңізін» айтып, арнайы дайындалған Құттықтау хат табыстап, қазақы қонақжайлық дәстүрмен иығына шапан жапты. Келесі кезекте ақын-журналистің шығармашылығына арналған «Ойы айқын, сезім сергек ақын» атты кітап көрмесіне шолуды

Қошалақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Есмұхан Жанизин жасап, кеш иесінің портретін сырлы сөзбен әдемі сомдап берді. Абай және Ломоносов атындағы мектептің, Құрманғазы агро-техникалық колледждің жас көркемсөз шеберлері ақынның «Жалғыздық», «Азғырым менің - тағдырым», «Баба рухымен сырласу», «Ұрпақ сөзі», «Өз жолым бар», «Ұстаздарға» атты ойлы өлеңдерін нақашына келтіре орындады.

Кітапхана қызметкері Нұрлан Есенғалиевтің сезімге беріле оқыған «Хат жазбаймын» өлеңі тыңдарманын ақынның нәзік әлеміне бойлатқандай әсер қалдырды.

Жыр кешінде академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы кестелі сөзбен жүйрік ойды оқырманына шынайы жеткізе білген ақынның қолжеткен биігін жалықпай ізденуінің, тер төгуінің жемісі екендігін айтып, құрметі ретінде иығына шапан жапты.

Аудан айнасы – «Серпер» газетінде қызметтес болған әріптестері Мәдат Сәрсекеев, Асқар Ғұмаров, Таңатар Дәрелов журналист Нұрымның жақсы қасиеттерін сөз етті.

Сонымен бірге, «Серпер» газеті атынан басылымның бас редакторы Айнагүл Шакупова, ақынның бірге оқыған сыныптасы Т.Қыдырсихов құттықтау тілегін жолдап, ескерткіш сыйлықтарын ұсынды.

Кеш соңында Нұрым Тельманұлы сырлы жырын сағынып қалған жерлестеріне өлеңдерінің бірнешеуін оқып, нәрімен сусындатты.

Орталық кітапхана жүйесі меңгерушісі Анар Мусинаға соңғы шыққан туындыларын табыстады. Көрерменін үлкен әсерге бөлеген шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Заря Қуанышқызы «Көңіл толқуы» және Е.Самиғоллаев «Ауылдың баласы» әнін шырқап, шырайлы кештің мән-маңызын арттыра түсті.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT