Құрманғазылық қыз-келіншектер «TOMIRIS» бағдарламасына қатысты

(0 Votes)

Бүгінде әйелдер түрлі салада қызмет етіп жүргенімен, әлі де гендерлік стереотиптер бар. Ал еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру айрықша маңызға ие.

Әйелдерді көшбасшылыққа баулуға арналған Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Қазақстан Тәуелсіз Ұрпағы» Атырау Қоғамдық Жастар ұйымы« қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «TOMIRIS» жобасы біздің аймақта да жүзеге асты. Бағдарлама аясында әр түрлі саладан облыс бойынша 50 әйел конкурстық негізде іріктелді. Олар 14-17 тамыз аралығында Атырау қаласында өткен оффлайн форматтағы тренингтік оқуға қатысты. Қатысушылар үшін көпшілік алдында сөйлеу, тиімді қарым-қатынас, эмоционалды интеллект, жобаларды басқару және тағы да басқа ең қажетті қабілетттерді қамтитын арнайы бағдарлама әзірленді. Тың жоба ауылдарда табысқа жеткен қыз-келіншектерді қолдауға және оларды елдің саяси-экономикалық өміріне тартуға жол ашады. Бойындағы қасиетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның мақсаты – әйелдердің елдің саяси өміріне белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында көшбасшылық дағдыларды үйрету. Бағдарлама жоспарына сәйкес алғашқы күні облыстық мәслихат депутаты, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы аудандық филиалы жанынан құрылған Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік кеңестің мүшесі, аудандық аналар кеңесі жанындағы «Жансая» көшбасшы аналар клубының жетекшісі Зәмзагүл Оңдасынқызы «Әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту» тақырыбында тренинг жүргізді. Оның барысында спикер көшбасшы сөзінің мағынасы, көшбасшы мен басшыны ажырата білу, көшбасшының тұлғалық қасиеттері, әйелдерді көшбасшылыққа дайындаудың жұмыстары жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, слайд арқылы түсіндірді. Бұдан кейін Зәмзагүл Карсакова Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық реформаларына шолу жасап, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау шеңберіндегі ұлттық жобаларға тоқталып, «Ауыл аманаты» жобасының негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі айтып өтті.

Бағдарламаның келесі күнінде «Тиімді іскерлік коммуникация дағдылары», «Келіссөздер жүргізу және көпшілік алдында сөйлеу өнері» бағытында спикер, РФ «Риторика және Ораторлық өнер» университетінің лицензиаты Нұрлан Азаматов тренинг жүргізді. Бағдарламаның үшінші және төртінші күндерінде «soft skills» икемді дағдыларын қалыптастыру», «Қаржылық сауаттылық және тайм-менеджмент негіздері», «Жобалық тәсіл және менеджмент негіздері» тақырыптары бойынша тренерлер Бағлан Маратұлы, Асқар Секербаев, Гүлнара Кушмурзина қызықты ақпараттар берді.

Ауданымыздан бұл бағдарламаға аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Елшат Асқар, емхананың психологі Айдана Қадырбаева қатысты.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT